Қазақстанда қысқы дизель отынының бағасы бір жылда 31%-ға қымбаттаған

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл елімізде дизельдік отын өндірісі 10 пайызға артқан

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Қазақстанда қысқы дизельдік отын бірден 31%-ға қымбаттады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Energyprom зерттеуінше, қазан айының қорытындысына сәйкес, дизельдік отын бағасы бір жылда 12,5%-ға өскен. Соның ішінде жазғы дизельдік отын 1,3%-ға арзандаса, қысқысы, керісінше, бірден 30,7%-ға қымбаттаған.

«Әсіресе Ақтөбе облысының тұрғындары дизельдік отын бағасының бір жылда 27,9%-ға қымбаттағанын айрықша сезініп отыр. Сондай-ақ Абай (+24,6%) және Шығыс Қазақстан (+24,4%) облыстарында да баға өсімі бірден білінеді», - дейді мамандар.

Бағаның ең аз жылдық өсімі Алматы облысында (0,5%) тіркелді. Шымкент, Жамбыл және Жетісу облыстарында баға өткен жылдың қазан айындағы деңгейде қалды. Түркістан облысында дизель отыны 1,8 пайызға арзандады.

Сарапшылардың айтуынша, бір жылда дизельдік отын өндірісі 10 пайызға артқан. Осы жылдың қаңтар-қазан айларында елімізде 4,6 млн тонна өнім өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,7%-ға артық көрсеткіш.

Жалпы, соңғы бір жылда өндіріс 6,6 пайызға артып, дизель отыны 5 миллион тоннаға дейін өсті.