Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 21 жыл ішінде Қазақстанда үш президент болатынын айтты
Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президентінің жеті жылдық мерзімі ұзақ әрі бағдарламаны орындауға жеткілікті екенін айтты.
Сайлауда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдерімен кездескен Тоқаев журналистердің жаңа мерзімге қатысты қойған сауалына осылай жауап берді.
«Жеті жыл уақыт жеткілікті деп ойлаймын. Себебі жеті жыл әрбір адамның ғұмырындағы -үлкен мерзім. Сондықтан ең алдымен бізде Қазақстанда билікте ешқандай монополия болмайды. Билікті монополияға айналдыруға тыйым салынады. Бұл - маңызды мәселе. Енді 21 жыл ішінде Қазақстанда үш президент болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, президент елден заңсыз шығарылған мемлекет бюджетіне қатысты мәселенің өз бақылауында екенін атап өтті.
"Бас прокурордың басшылығымен арнайы комиссия құрылды, мен осы комиссияның жұмысын өзім қадағалаймын. Уақыт өте келе біз елімізден заңсыз әкетілген капиталды қайтару туралы заң қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Қаражатты өз еркімен қайтарғысы келетіндерге келер болсақ, ол құпталады", -деді Тоқаев.