Елеусіз Кинбаев 1925 жылы 11 наурызда Көкпекті ауылында дүниеге келген
Абай облысында Ұлы Отан соғысының ардагері Елеусіз Кинбаев президент сайлауында дауыс берді. Ардагер өз таңдауын жасауды азаматтық парызы деп санайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ел басында тұратын адамды таңдау өте маңызды. Сайлауға қатысу – барлық қазақстандық үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік», - дейді ҰОС ардагері.
Елеусіз Кинбаев 1925 жылы 11 наурызда Көкпекті ауылында дүниеге келген. 16 жасынан бастап «Ақжал» кенішінде жұмыс істеді. Жұбайымен бірге 8 бала тәрбиеледі, бүгінгі таңда 6 баласының ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Жұбайы Құнапиянова Сара 2007 жылы Ақтас ауылында қайтыс болды.
Елеусіз Кинбаев 1943 жылы әскер қатарына шақырылды. Амур облысы Благовещенск қаласында 120-шы миномет артиллериялық полкі қатарында майданға қатысты. «Маршал Жуков ордені», «Сталин ордені» және бірқатар мерейтойлық наградамен марапатталған. 1945 жылы жапон басқыншыларына қарсы соғысқа қатысты. «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. 1948 жылы еліне оралып, «Шігілік» совхозына жұмысқа орналасады, сонда малшы болып жұмыс істеді, содан кейін май зауытында сүт таситын көлік жүргізушісі болып жұмыс істеді. Еңбек ардагері. Еңбегі бағаланып, Румынияға жолдама арқылы жіберілді.
Жалпы жұмыс өтілі 43 жыл. 1984 жылы құрмет демалысына шықты. Қазіргі уақытта Абай облысы Көкпекті ауданы Ақтас ауылында тұрады.