Қазақстан грек қоғамдары қауымдастығының жетекшісі Алматыда дауыс берді

Автор: Әйгерім Ердәулет

Бүгін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр

ҚХА мүшесі, «Филиа» Қазақстан грек қоғамдары қауымдастығының жетекшісі Георгий Иорданиди алғашқылардың бірі болып өзі тіркелген Алматы қаласындағы №64 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

«Бұл сайлауға оң қөзқарастамын. Себебі еліміздің дамуын тоқтатпауымыз керек. Осы жолда әрбіріміздің даусымыз маңызды. Президент сайлауы өтіп жатыр. Халықтың оған бір кісідей атсалысып жатқанын байқап отырмыз. Өйткені, баршамыз өз таңдауымызды жасап, даусымызды беріп мықты ел екенімізді көрсетіп келіп жатқанымыз нағыз береке бірліктің үлгісі», - деді Георгий Иорданиди.

Қазақстанда бүгін кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Қазақстан аумағында 10 мың 101 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Елімізде 11 миллион 956 адам дауыс беруге құқылы. Ал оның 1 миллион 176 мыңнан астамы алматылық.