Алматы әкімі жұбайымен бірге президенттік сайлауда дауыс берді

Автор: Azattyq Rýhy

Сайлау күні Алматыда 600 сайлау учаскесі ашылды

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда алғашқылардың бірі болып сағат 7:00-де М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінде орналасқан №358 сайлау учаскесіне Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жұбайымен дауыс беруге келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Алматы әкімі «Бүгінде Қазақстан азаматтары өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, еліміздің алдағы жеті жылда қалай дамитынын өз дауысы арқылы таңдайды» деп атап өтті.

«Әрбір қазақстандықтың дауысы маңызды. Мен бүгін Алматы қаласының тұрғыны және азаматы ретінде қаламыздың, тұрғындардың, отбасым мен балаларымның жарқын болашағы үшін өз дауысымды беруге келдім. Алматылықтар ауызбіршілік танытып, өз таңдауын айқындайтынына сенімдімін», - деді Ерболат Досаев.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, сайлау күні Алматыда 600 сайлау учаскесі ашылды, 55 учаскеде тұруға ықтиярхаты бар-жоғына қарамастан дауыс беруге болады. Қалада 1,2 миллионға жуық адам дауыс беруге құқылы.