Ақтөбеде студенттер күніне арналған жайдарман фестивалі өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Мерекелік шараға 7 команда қатысып, бақ сынады

Бүгін «Ақтөбе қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ және «Мұрагер» қалалық волонтерлық тобының ұйымдастыруымен «Жалынды жастар – жарқын болашақ» тақырыбында жайдарман фестивалі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай өткізілген додаға 7 команда қатысып, бақ сынады. Тартысты сайыс нәтижесінде үшінші орынға Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің «АПК» құрамасы лайық деп танылды. Екінші орын еркін құрама «Оңай емес» тобына бұйырса, Ақтөбе өнеркəсіптік технологиялар және басқару колледжінің «Exclusive» командасы фестивальдің жеңімпазы атанды. Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің құрамасы «Бека. Алиш. Талғат» жайдарман тобының мүшесі Бекарыс Серіков аталмыш сайыстың «Үздік ойыншысы» номинациясын иеленді.

Сайыс соңында орталық басшысы Нұрсұлтан Қожабеков пен «Мұрагер» қалалық волонтерлық тобының жетекшісі Айдарбек Самат фестивальге қатысқан барлық топқа алғысхаттар табыстап, жүлделі орын иегерлерін кубоктармен марапаттады. Сонымен қатар жеңімпаз атанған «Exclusive» командасына орталықтың ұйымдастыруымен өтетін Ақтөбе қаласы әкімінің жүлдесіне арналған жайдарман фестиваліне жолдама берді.

Жайдарман фестивалі орталық басшысының колледж студенттерімен кездесуде айтылған ұсыныстары негізінде өткізілді.

«Жастардың әр ұсыныс-пікірі біз үшін маңызды. Сондықтан біз өзіміздің жұмыс жоспарымызда шараларды жастардың сұранысына қарай жоспарлап, өткізуге тырысамыз. Жастарға үлкен мүмкіндік жасап, өнер додасында өздерін шыңдауға мүмкіндік берген Шығармашылық Академиясының басшылығы мен ұжымына, бүгінгі шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық белсенді жастарға, білім ордаларының басшылығына ерекше алғысымды білдіремін», - деді орталық басшысы ойын соңында.

Ержан Қанатұлы