Келер жылы шетелдіктерді жұмысқа тарту үшін бөлінетін квота саны қысқарады

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл шетелдіктерге бөлінген квота мөлшері - 0,31 пайыз болған еді

Фото ашық дереккөзден

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақстан аумағына шетелдік жұмыс күшін тартуға 2023 жылға арналған квотаны белгілеу» туралы бұйрықты жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құжатта келер жылы шетелдіктерді жұмысқа тарту үшін бөлінетін квота саны қысқаратыны көрсетілген.

«Қазақстан аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға 2023 жылға арналған квота жергілікті атқарушы орган жұмыс берушілерге беретін рұқсат бойынша 0,24% мөлшерінде белгіленсін. Еңбекші көшіп келушілерді жұмысқа тарту 3,2% мөлшерінде бекітілсін» делінген ашық талқыға шығарылған бұйрықта.

Айта кетейік, биыл шетелдіктерге бөлінген квота мөлшері - 0,31 пайыз болған еді.

Ал 2023 жылы министрлік квотаның бұл түрін 0,07 пайызға қысқартуды жоспарлап отыр.

Бұйрықты ашық талқылау 30 қарашаға дейін жалғасады.