Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды
Жамбыл облысында жалған құжат дайындаумен айналысқандар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алаяқтардың бірі – Шу қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының маманы екен. Ал сыбайласы осы орталықтың бұрынғы қызметкері болып шықты. Олар азаматтарға бұрмалау жолымен жалған техникалық паспорт жасап, делдалдық жолмен көліктерді тіркеп отырған. Полиция оларды тінту кезінде 8 пластикалық банкомат карточкасын, 41 жалған паспорт және құжат дайындауға арналған 500 дана пластикалық төлем карталарын тапқан. Кейін тергеу барысында күдікті азаматшаның әр жымысқы әрекеті үшін 150 мың теңге алып отырғаны белгілі болды.
«Дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-бөлігі (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірқатар тиісті сараптамалар тағайындалды. Істің басқа да жағдайы анықталып жатыр», – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.