«Болашақ» бағдарламасы түлектерінің еңбекпен өтеу мерзімі қысқаруы мүмкін
Қазір еңбекпен өтеу мерзімі республикалық маңызы бар қалаларда - 5 жыл
«Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған түлектердің еңбекпен өтеу мерзімі қайта қаралды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Университет немесе демеушілер мен жұмыс берушілер тарапынан қаржыландырылып, қалған шығыны «Болашақ» стипендиясы есебінен жабылатын түлектердің еңбекпен өтеу мерзімі қысқартылады. Қазір еңбекпен өтеу мерзімі республикалық маңызы бар қалаларда - 5 жыл болса, енді ол 4 жылға қысқарады. Ал басқа өңірлерде бұл мерзім 3 жыл болса, енді 2 жылға дейін қысқартылады», - деді ол.
Сондай-ақ, ол «Болашақ» бағдарламасы аясында енгізілетін тағы бір өзгеріске тоқталды. Оның айтуынша, егер оқу аяқталғаннан кейін түлек «Global Fortune 500» тізіміндегі жетекші компаниялардың біріне жұмысқа орналасса, онда оған Қазақстанға оралмай, бір жыл сол кәсіпорында қызмет етуге мүмкіндік беріледі.
«Әзірге біз осындай жұмыс үшін 12 ай мерзімді қарастырып отырмыз. Дегенмен алда бұл мерзімдерді ұзарту мүмкіндігін ойластырамыз», - деп мәлім етті Әнуар Жанғозин.