Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері вагон тапшылығынан өнімін экспортқа шығара алмай отыр
Отандық кәсіпкерлерге жетпей жатқан вагондар шетелдіктерге жалға беріледі
Солтүстік Қазақстан кәсіпкерлері өз өнімдерін экспортқа шығара алмай отыр. Оған вагон тапшылығы себеп. ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевпен кездескен теріскейлік тауар өндірушілер осы және басқа да проблемаларды ортаға салды, деп хабардайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Тұтынушылардың құқығын қорғау, тауарды экспорттау кезінде вагондардың жетіспеушілігі және темір жолдағы кедергілер. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Арман Шаққалиевке осындай мәселелерді жеткізді.
Жиында айтылғандай, соңғы кездері өңірде өнімін шетелдерге шығаратын кәсіпорындар саны артқан. Мемлекет те осындай экспортқа бағытталған компанияларды қолдауға құлықты. Бірақ кейде кәсіпкерлерді аяқтан шалатын кедергілер де кездеседі. Бизнесмендер түйінін таппай жүрген түйіткілді мәселелерді тізбектеп берді.
Жыл басында күнбағыс майы мен май тұқымын экспорттауға белгілі бір тыйымдар мен шектеулер болды. Солтүстік Қазақстан облысы биыл егіс алқаптарын 20% - ға ұлғайтты. Қазір бізге екі ай – қараша және желтоқсан айларында экспортқа дәліз берілді, бірақ, өкінішке орай, логистика, жылжымалы құрамның болмауына байланысты біз Қытайға да, Өзбекстанға да экспорттай алмаймыз. Біз не күтеміз және экспортқа қалай дайындаламыз? Компаниямыз күнбағыс дәндері мен майын экспорттаумен айналысады. Биыл бізге өнімді экспорттауға 2 айлық уақыт берді. Яғни, қараша мен желтоқсан айында тауарды шетелге шығару керек. Бірақ теміржолдағы қиындықтар оған мүмкіндік бермей отыр. Ал қаңтар айында баж салығы енгізіледі. Біз оған дейін ештеңе тындырып үлгермейміз. Мемлекет беріп отырған мүмкіндікті пайдалана алмаймыз», - дейді «Green gold SKO» ЖШС директоры Қанат Баймұханбетов.
Жиында проблеманың нақты шешімі ұсынылған жоқ. Дегенмен, вице-министр бұл мәселе қаралатынын жеткізді.
«Біздер ауыл шаруашылығы министрлігімен жиын өткізіп, бұл мәселені шешетін боламыз. Кейін сізге жауабын береміз. Бірақ өнімді экспортқа шығармас бұрын ең алдымен ел ішіндегі қажеттілікті қамтамасыз ету жағын қарастырамыз. Осыны кәсіпкерлер де ұмытпаса екен деймін», - ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев.
ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖЕТПЕЙ ЖАТҚАН ВАГОНДАР ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖАЛҒА БЕРІЛЕДІ
Ал нарықта 20 жылдан бері жұмыс істейтін «DEZ» компаниясы өнімдерінің 75 пайызын экспорттайды. Негізінен ұн мен бидай Өзбекстан, Ауғанстан мен Тәжікстанға жөнелтіледі екен. Мұндағылар соңғы уақыттары жүк тасымалымен қиындық туындады деп отыр. Вагондар жетіспейді. Кәсіпкерлердіге қосымша шығын әкелетін проблемалар да бар.
«Көлік және экспедиторлық компаниялар біздің жабық вагондарға деген қажеттілігімізді толық қамтамасыз ете алмайды. Мұны вагондардың негізгі бөлігі ресейлік компанияларға жалға берілгендігімен түсіндіреді. Сонымен қатар, отандық компаниялар әр вагон үшін бірдей құнын төлеуге дайын, осылайша экспорттық келісімшарттар бойынша үздіксіз тасымалды қамтамасыз етер едік. Айына бізге 100-150 вагон қажет», - деп атап өтті «DEZ» серіктестігінің директоры Зекай Танрикулу.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, бүгінде елде вагондарға сұраныс артқан, бұл маусымға байланысты. Көрші Ресеймен жалға алу тарифінде айырмашылық бар, олар 40 % артық төлейді. Соған қарамастан, Премьер-Министр көліктік-логистикалық компаниялардың алдына жылжымалы құрамды ұлғайту міндетін қойды. Бұл ретте вагондарды бірінші кезекте экспорттаушы-қайта өңдеушілерге беру тапсырылды.
«Елімізде жүк тасымалдайтын арнайы, жабық вагондардың жетіспейтіндігін білеміз. Бірақ биыл олардың саны ұлғайды. Және ондай компанияларға біз, ең алдымен шикізатты емес, өңделген өнімді тасымалдау қажет деген міндет қоймақпыз. Ол екіжаққа да тиімді болмақ», - дейді Арман Шаққалиев.
500-ден астам өнім түрін шығаратын «Радуга» ЖШС өкілдері экспортқа шығындарды субсидиялау бюджеті мәселесін көтерді. 1993 жылы ашылған компания бастапқыда лак-сыр бояғыштар шығарған. Қазіргі уақытта зауыт жүгері таяқшасы, тез дайындалатын кеспе сынды тамақ өнімдерінен бастап, күнделікті тұрмысқа қажетті пластик бұйымдар, гигиена құралдарына дейін өндіреді.
«Біздің компания 6 экспорттық өтінім шығарады. Бірақ өткен тоқсанда ведомство аралық комиссия отырысы өткізілмеді. Сондықтан біз әлі күнге дейін біздің тауарларға субсидие берілер-берілмесін білмейміз. Жауапты органдар үнсіз», – дейді компания директорының отандық өндірісті дамыту және ілгерілету жөніндегі орынбасары Дәурен Катранов.
Сондай-ақ, кездесуде тұрақтандыру қоры мен бағаны ұстап тұру мәселелері көтерілді. Арман Шакқалиев ведомство нарықтық модельге ауыса отырып, тікелей бағаны реттеуден біртіндеп бас тартатынын айтты. Өйткені тұрақтандыру тауардың көлемі нарыққа айтарлықтай әсер етпейді.