Қаңтарда қастандық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейді – Президент

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы қайғылы қаңтар оқиғасының еліміз үшін үлкен сабақ болғанын айтты

 

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Алматы жұртшылығымен кездесу барысында қаңтарда бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Уақыт – емші» дейді халқымыз. Қасіретті күндер алыстаған сайын біртіндеп көмескі тарта беретіні анық. Қарулы топтардың қалай ойран салғаны да естен шығуы мүмкін. Бірақ біз ел ішіне жік салғысы келетін арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Көшеге шығып, бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайды. Қастандық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейді. Олардың бәрі лайықты жазасын алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Президент ауыр қылмыс жасамаған және арандап қалған жандарға кешірім берілгені дұрыс дей келе, қанды оқиғадан қаза болғандардың жақындарына тағы да көңіл айтты.

«Қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандар да бар. Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай, Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені, кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдер кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады. Бұдан былай мұндай қасірет қайталанбайды деп сенемін. Сол үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қайғылы күндерде қаза болған жандардың жақындарына тағы да көңіл айтамын», - деді Қ. Тоқаев

Мемлекет басшысы қиын-қыстау күндері қалада тәртіп орнатуға үлес қосқан азаматтарға алғысын білдіріп, қаңтар оқиғасының үлкен сабақ болғанын айтты.

«Сын сағатта антқа адал болған құқық қорғау және күштік құрылымдардың қызметкерлерін ерекше атап өткім келеді. Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге қала тұрғындары да атсалысты. Осындай жанашыр азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. «Қаңтар қасіреті» бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жұртымыз жете түсінді. Ал қоғамға іріткі салуды көздеген қарақшылардың, лаңкестердің мақсаты орындалған жоқ. Керісінше, халқымыздың бірлігі нығая түсті. Ұйысып, жан-жақты жаңғыру жолына қадам басты», - деді ол.