Балқаш әуежайы еліміздегі әуежайларды дамыту бағдарламасына енгізіледі

Автор: Azattyq Rýhy

2024 жылы Шымкент, Түркістан және Жезқазған қалаларынан Балқашқа маршруттар ашылуы мүмкін

Фото ашық дереккөзден

Балқаш әуежайы еліміздегі әуежайлардың дамыту бағдарламасына енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында еліміздің әуежайларын дамыту бағдарламасына Балқаш қаласының әуежайын қосуды тапсырды. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Балқаш әуежайын дамыту жөніндегі жобаның 2023-2024 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізуді қолдайды.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың мамыр айынан бастап қазан айына дейін Балқаш қаласына аптасына 14 рейс жиілігімен Астана мен Алматыдан келетін әуе маршруттары субсидияланады. Осылайша, жазғы кезеңде әуе рейстерін «Южное небо» компаниясы іске асырғанын айта кеткен жөн», - делінген хабарламада.

Маусымдық және туристік ағымды ескере келе, жаңа әуе және теміржол бағыттарының ашылуы туралы айтатын болсақ, Азаматтық авиация комитеті Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында жаңа әуе маршруттарының ашылуын қарастырып жатыр. Мысалы, 2024 жылдан бастап Шымкент, Түркістан және Жезқазған қалаларынан Балқаш қаласына дейін маршруттар ашу көзделіп отыр. Сонымен бірге Астана мен Алматыдан орындалатын рейстер субсидияланады.