Ақтөбелік жігіт оқушы қыздардың жалаңаш фотоларын желіге жариялап отырған

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фото ашық дереккөзден

Қазақстандық оқушы қыздардың жалаңаш фотоларын шетелдік әлеуметтік желіге орналастырған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Алматы қаласы Алатау ауданының прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратура мониторинг жүргізу кезінде «Тик-ток» әлеуметтік желісінде 7-10 жасар аралығындағы жас қыздардың анықталмаған тұлғамен хат алмасып, ересектердің ойға келмейтін тақырыптарын талқылау фактілерін анықтады.

 «Аталған факті бойынша Ақтөбе облысының 27 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды, ол телефон арқылы хат алмасу кезінде балалардан жалаңаш суреттерін жіберуін сұрап, ақша төлейтінін айтқан. Оның үстіне бұл жайт турасында ата-аналарына жақ ашпауды өтінген. Сонымен қатар, ол аталған фото суреттерді шетелдік әлеуметтік желілерге орналастырған», - делінген хабарламада.

Күдіктінің іс-әрекеттері ҚР ҚК-нің 312-бабының 3-бөлігі 2-тармағы, яғни «Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды дайындау және айналымға салу» бойынша алдын ала анықталған.