Қарқаралыда жылдар бойы игерілмей келген 37 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Егер жыл ішінде пайдаланбаса, құжаттар сотқа жөнелтілмек

Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында ұзақ жыл игерілмей келген 37 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Енді оны конкурстық негізде мұқтаж шаруаларға үлестіру керек. Сондай-ақ бос жатқан 100 мың гектар жердің иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ол алқаптарда қайтадан кәсіп жанданған. Дегенмен әлі де жерді мақсатсыз ұстап отырғандар бар.

 Қаракөл ауылында тұратын Наталья Осипова қысқы мал азығын қамдауға 1,5 млн теңге жұмсапты. Қолында 40 сиыр мен 200-ге тарта қой-ешкісі бар.

 «Жыл сайын оларды ауылда ұстау қиындап келеді», - дейді ол.

Жайылым тар, шөптің бағасы қымбат. Сондықтан биыл жер алу үшін конкурсқа түскен. Бағы жанып, ауылдан 25 шақырым қашықтықта игерілмей жатқан шұрайлы алқапқа қол жеткізді. 

«Жерді алдық Алла бұйыртып. Енді өзіміздің мақсатымыз сол жерге барып, бірінші малға баз салып, баздан кейін үйін салып деген сияқты, сосын қысы-жазы сол жерде қыстаса деген ойдамыз. Сол өсіп жатқан малымызды әрі қарай дамытып, жеткізіп», - деді шаруа қожалығының жетекшісі Наталья Осипова.

Қазір Қарқаралы ауданындағы 808 шаруа қожалығының иелігінде 1 млн 900 мың гектар жер бар. Өкінішке орай, солардың кейбірі жерді мақсатты пайдаланып отырған жоқ. Тексерістен соң біразы мемлекет меншігіне қайтарылған.

 «Игермей отырған 86 шаруа қожалық болған, 200 мыңдай гектар. Соның 100 мыңын бүгінге уже игеріп бастады түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін. 37277 гектар жер мемлекетке қайтарылды. Екеуі сот арқылы, қалғандары өз еркімен тапсырды», - деді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Тоқтар Көпжасаров.

Дегенмен, ауданда әлі 60 мың гектардай жер дұрыс игерілмей отыр. Қазір иелерімен түсінідіру жұмыстары жүріп жатыр. Егер жыл ішінде пайдаланбаса, құжаттар сотқа жөнелтілмек.