Олар билік өкілдері уәдесінде тұрмаса, облыс әкімдігінің алдына барып, наразылық білдірмекші
Жамбыл облысында 20-ға жуық адамның жер телімі картаға енбей қалған. Осы олқылық үйлердің рәсімделуі мен инфрақұрылмның жүргізілуіне кедергі келтіруде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындар осы мәселені реттеуге екі жылдан бері күш салып келеді. Бірақ әлі күнге оң шешілетін түрі жоқ. Ал жергілікті әкімдік енді сәл шыдаса, жұрттың қалауы орындалады деп сендіреді. Мақсат Жантенов Меркі ауданындағы Андас батыр ауылының тұрғыны. Ол осы елдімекенде тіркеуде болғанымен, үйі ауада тұр. Яғни жер телімінің картаға енбей қалуынан баспанасы рәсімделмеген. 42 жастағы азамат бұл олқылықты екі жыл бұрын кездейсоқ анықтаған. Ол ата-анасы о дүниелік болғанда мүлікті өз атына заңдастырмақ болады. Алайда ойламаған жерден кедергіге тап болған.
«Әке-шешемнің қайтқанына екі жыл болды. Содан енді үйді өз атыма рәсімдей алмай жатырмын. Негізі құжаттың бәрін жиндым, соңғы мемактіге келіп тіреліп қалды. Себебі біздің көшеміз Андас батыр ауылына қарамайды, Меркінің мемлекеттік қорында жоқ дейді», - деді Андас батыр ауылының тұрғыны Мақсат Жантенов.
Мақсат әлі күнге осы шаруаны шешу үшін әкімдіктің табалдырығын тоздырумен жүр. Оған тағы 20-ға жуық адам қосылды. Олардың кейбірі су жаңа үйін де рәсімдей алмай жатыр.
Бейсен Қаңтарбаев алты жылда баспанасының құрылысын әзер аяқтап, биыл қоныстанған. 66 жастағы зейнеткер үйді балаларына мұраға қалдырғысы келеді. Алайда оның реті келетін түрі жоқ.
«Жасым келген адаммын. Балаларға тастап кетсем дегенім ғой, өз атымнан. Соған дейін үлгерсем бе дегем. Үрей сол,үлгере алмай қаламын деген мәселе», - дейді Бейсенбек Қаңтарбаев.
Ауылдан оқшау тұрған 18 үй «өгейдің күйін кешкендейміз» дейді. Жер телімдерінің шекарадан шығып қалуынан инфрақұрылым да толық жүргізілімеген. Яғни тас жол мен көше жарығынан бөлек, жұртшылық таза суға да қол жеткізе алмай отыр. Тұрғындар мұнара суын тұтынады. Бұқара оның әбден тозығы жеткенін айтады. Және осы жерден алынатын тіршілік нәрінің сапасы жоқ дейді. Өйткені төбесіне қонған құстар ластап кетеді. Ал 18 отбасы орталықтандырылған су жүйесіне қосыла алмайды. Себебі, жер телімдері картаға түспей қалған. Атқарушы билік бұл телімдердің кезінде ауылшаруашылығы мақсатында үлестірілгенін айтады. Бірақ оған ешкім мән бермей үй тұрғызған дейді. Қазір жалпы көлемі 290 гектар жерді елдімекен шегіне қосу жұмысы жүріп жатыр екен.
«Бұл мәселе бүгін ғана көтерілген жоқ. Бұл бойынша жұмыс жасалып жатыр. Өйткені әр құжаттың мерзімі бар. Астанадан Әділет басқармасынан келісім келгеннен кейін біз бір айдың ішінде мәслихат отырысын жасап, құжаттарын реттейміз», - деді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев.
Төзімі таусылған тұрғындар тағы да күте тұруға уағдаласты. Олар билік өкілдері уәдесінде тұрмаса, облыс әкімдігінің алдына барып, наразылық білдірмекші.