Жарылыс 13 қарашада сағат 16:20 шамасында болған
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жексенбі күні Ыстамбұл орталығында болған шабуылды айыптап, Таксим алаңындағы жарылыстан 6 адамның қаза тауып, ондаған адамның жараланғанын мәлімдеді. Соңғы мәліметтер бойынша, 81 адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі BBС агенттігіне сілтеме жасап.
Жарылыс туристер мен жергілікті тұрғындар көптеп жиналатын жаяу жүргіншілерге арналған Истиклял көшесінде болған. Түркия вице-президенті Фуат Октайдың айтуынша, жарылысты жанкешті әйел жасаған.
«Шабуылды әйел адам жасаған, ол бомба жарған. Мұның террористік әрекет екені анық. Жарылыс салдарынан алты адам қаза тапты. Жараланғандар саны 81-ге жетті, екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр», - деді Фуат Октай.
Оның айтуынша, жарылыс болған жерде төрт адам, кейінірек тағы екеуі ауруханада көз жұмды. Лаңкестік әрекетті Түркия Бас прокуратурасының 14 тергеушісі мен сот-медициналық сарапшылары тергеп жатыр.
«Болған оқиғаға кінәлілер лайықты жазасын алады. Түркия мен түрік ұлтын террор арқылы жаулап алу әрекеті бүгін де, ертең де мақсатына жете алмайды», - деді Режеп Ердоған баспасөз мәслихаты кезінде.
Стамбул губернаторы Али Йерликая жарылыс жергілікті уақыт бойынша 16:20 шамасында болғанын айтты.
Жарылыс болған аумақтан барлық адам эвакуацияланып, оқиға орны қоршауға алынды.