БҚО-да тоқ соғып, екі қолынан айырылған 4 жасар баланың отбасына пәтер берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Еріктілердің бастамасымен арнайы қор құрылып, балаға протез сатып алу үшін қаражат жиналды

Фото ашық дереккөзден

Оралда тоқ соғып қос қолынан айырылған 4 жасар Аманжол Сисенғалиевтің отбасына жаңа пәтер табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, оқыс жағдай осы жылдың маусым айында БҚО-ның Жаңақазан ауылында болған еді. Ойнап жүрген балақай абайсызда электр станциясының аумағына кіріп кетіп, жоғары кернеулі тоққа соғылған. Жарақатының аса ауырлығына байланысты дәрігерлер ампутация жасауға мәжбүр болды.

Зардап шеккен Аманжол – отбасындағы 4 баланың кішісі. Ол жаз бойы елдегі іргелі медициналық орталықтарда ем-дом алды. Еріктілердің бастамасымен арнайы қор құрылып, балаға протез сатып алу үшін қаражат жиналды. Ал балақайдың отбасына үш бөлмелі пәтер 9 қабатты жаңа үйден беріліп отыр.

«Кең үш бөлмелі үй. Мектеп қасында, балалар ауруханасы да қасында. Осы жайлы пәтер беріп жатқанына рахмет айтамын», - деді Аманжолдың әкесі Орынбек Сисенғалиев.

«Бұл пәтер Аманжол баламызға облыс әкімінің атынан демеушілердің көмегімен беріліп жатыр. Бүгін кілтін табыстадық, құжаттарын алды. Үй 3 бөлмелі, 84,4 шаршы метр», - деп атап өтті облыс әкімінің көмекшісі Мақсат Мұқанов.