Елордада жалпыреспубликалық ғылыми-практикалық конференция өтті

Автор: Сағыныш Ибрагим

Конференция жергілікті сайлау үрдістері мен азаматтық бірегейлік мәселелеріне арналды

Елордада сайлау қарсаңында азаматтық бірегейлік мәселелері талқыланды. ҚР АҚДМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты, «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп өткізген жалпыреспубликалық ғылыми-практикалық конференция «Электоралдық белсенділік азаматтық бірегейлік факторы ретінде»  тақырыбына арналды, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі.

Конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев пен отандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Жиында жергілікті сайлау үрдістерін қарастырылып, азаматтық бірегейлік мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, сарапшылар дауыс берушілердің сайлау үдерістеріне қатысу мәдениетін қалыптастырудағы рөлін бағалады.

Отырыста «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек сайлауға дауыс берушілердің электоралдық белсенділігін арттырудың маңыздылығына тоқтала кетті.

«Азаматтардың саяси мәдениетінің бір бөлігі ретінде халықтың электоралдық белсенділігін арттыру өте маңызды. Яғни сайлауда дауыс беру азаматтардың мемлекеттік саяси өміріне деген қызығушылығын арттырады. Олардың әлеуметтенуі мен қоғамның бірігуін жоғарылатады. Қазір елімізде азаматтық бірегейлікті қалыптастыру үдерісі жүріп жатыр. Алдағы уақытта аралас сайлау жүйесі енгізіледі. Ол Мәжілістің 70/30 формуласы бойынша облыстық малихаттарда, республикалық маңызы бар қалаларда 50/50 деңгейіне сайлау өтеді. Мұның барлығы осы азаматтық бірегейлікті, қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастыруда өз әсерін тигізеді деп ойлаймыз. 

«AMANAT» партиясы жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын болады. Ол үшін біз саяси коммуникацияның жаңа бағыт-бағдарын әзірлеп, азаматтық қоғам институттарымен жұмыстың жаңа әдістерін іске қосудамыз. Пікірталас алаңдарында саяси көзқарастағы қоғам өкілдері бас қосып, маңызды тақырыптарды талқыға салады», - дейді Дәулет Кәрібек.

Шара барысында отандық сарапшылар азаматтық бірегейлік тақырыбы бойынша жүргізілген социологиялық зерттеулердің нәтижелерін ұсынды, қазақстандық қоғамның, әсіресе жастардың саяси белсенділігінің заманауи тенденциялары қарастырылды. Өз кезегінде халықаралық сарапшылар елдеріндегі азаматтық бірегейлікті қалыптастырудағы тәжірибелерімен бөлісті.

«Бүгінгі тақырыптың маңыздылығына байланысты шараға өзіміздің отандық сарапшылармен қатар шетелдік сарапшы, ғалымдар қатысып отыр. Қазіргі әлемде сайлау азаматтық қоғамның кемелдену деңгейін және оның саяси-құқықтық дәрежесін көрсетеді. Халқымыздың бұрыннан бері бір істі бірігіп көтеріп кету қанында бар. Алдағы сайлау дәл сол бірлікті көрсетудің шыңы, мүмкіндігі болатынына сенемін», - деді конференцияға қатысқан ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Данияр Қадыров.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ю.В.Кучинская сайлау уақыты кез-келген елдің таңдыры үшін аса маңызды екенін айтып, биыл болатын сайлау жаңа форматта, жаңа талаптармен өткелі жатқандықтан сайлаудың барлық кезеңдерінің халық үшін мәні зор екенін атап өтті.

Ауыл жастары сайлауда белсендірек

«AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институты мамандарының айтуынша, биыл 11 млн 950 мың адамның сайлауға қатысуға құқығы бар. Сайлауда дауыс берушілердің жас аралығына келсек, 18-23 жас аралығындағы орта жас буындар сайлауға көп қызығушылық танытады екен. Сондай-ақ қала жастарына қарағанда ауыл жастары сайлауға қатысуда белсенділік көрсетеді. Мұндағы басты себеп - ауыл адамдарының бір-бірімен қарым-қатынасының тығызды. Сол үшін олар сайлауға көп қызығатын көрінеді.

Конференция барысында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов президент сайлауын өткізу елдің болашағы үшін қаншалықты қажет екенін және бұл үрдіс ежелден қалыптасқанын айтты.

«Президент сайлауы тұрақтылық пен өз елінің тағдырына араласу таңдауы. Әділ сайлаусыз демократия болмайды. Бұл ұлы дала заманынан келе жатқан дәстүр», – деді ректор.

Ұйымдастырылған ғылыми-практикалық конференция соңында сайлау үрдістері мен азаматтық бірегейлік мәселелері қорытындалды. Сайлау үрдістері мен азаматтық бірегейлік мәселелерін талқылау қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылар жаңа сайлау дәстүрлерін қалыптастырудың маңызды аспектілерін көрсететін және алдағы сайлаудың азаматтық қатысу мәдениетін нығайтудағы рөлін жариялайтын резолюцияны қабылдады.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының кезектен тыс президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді. Бұл - Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері өткізіліп жатқан жетінші президенттік сайлау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдауында президенттік мерзімнің ең көп санын екіден бір жылға дейін қысқартуды және президенттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтуды ұсынған еді.