Тұрғындар жоқ жылуға ақы төлеп шығынға баттық дейді
Шымкенттегі Нұрсат-3 шағынауданындағы бірнеше көп қабатты үйде әлі күнге дейін жылу жоқ. Алдағы қыстың суығында тағы да жылусыз отырамыз ба деп алаңдаған тұрғындар айтып отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy Отырар телеарнасына сілтеме жасап хабаралайды.
Тұрғындардың айтуынша, аудандағы көп қабатты үйдің жоғары қабатына жылу жетпейді екен. Ал онда пәтерді әлеуметтік негізде сатып алған көпбалалы аналар тұрады. Мұндағы халық 5 жылдан бері суық бөлме мен қабырғасынан өткен жаңбыр суына төзуге мәжбүр. Себебі басқа барар жері жоқ.
Сәуле Әбдиеваның 12 жыл бойы сарғая күтіп қол жеткізген үйінің сыйқы осы. Күз басталса болды, үйінің қабырғасынан жаңбыр суы өтіп, әуре сарсаңға салады. Одан қалса 7 қабатқа жылу да дұрыс жетпейтін көрінеді. Сондықтан үйінің қабырғасы кеуіп үлгермейді. Үй иесі демікпемен ауыратын баласына бұл жағдайдың кері әсері тие ме деп алаңдайды. Көктем шыға баспанасын жөндеп, қыста шығынға бататын жалғызбасты ана енді не істерін де білмей отыр.
«12 жыл күткен үйіме не жылу берілмейді, не жылы су жоғарыға көтерілмейді. Жуына алмаймыз, тіпті ыстық суды жылытып шомыламыз. Ал әйнектерді жаңбыр жауған сайын сүртіп әлекпіз. Үйімізден ұзап, алысқа да кете алмаймыз. Егер қатты су кетіп қала ма деп қорқамыз. Кілт менде ғана. Қарамай қалсақ көршімізге де су ағып кетеді», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Сәуле Әбдиева.
Бұл жалғыз Сәуле Әбдиеваның ғана басындағы жағдай емес. Нұрсат 3 шағынауданындағы әлеуметтік пәтер иесінің бәрінің де көрген күні осы. Күз басталып, күн суытты, бірақ мұндағы көп қабатты үйлердің жоғары жағына жылу жетпеген. Әлі күнге тұрғындар балалары үшін тоқпен жылытқыш құралдарды қосып, амалдап отыр. Айтуынша олар жоқ жылуға ақы төлеп шығынға батып отыр.
«Келгеннен бастап су ағу. Келген жылы жақсы сияқты еді. Қазір 9 қабаттан бастап жылу төмен қарай түсіп жатыр. 6 қабаттан бастап ары қарай жылу бармайды. Тіпті суы да жоқ жылы. Жоғарғы қабаттарда жас отбасылар тұрады олардың келгенде 1 ғана баласы бар еді. Қазір ДЦП-мен ауыратын, егіз балалары бар. Олар ақшаны ауаға төлеп отыр»,- дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айнұр Әріпбекова.
Бұл жиналған жұртшылықтың көпшілігі әлеуметтік осал топқа енген тұрғындар. Олардың бірі көпбалалы болса, енді бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Бәрінің де жыл сайынғы жыры коммуналдық қызметке байланысты туындайды екен. Не жылы су дұрыс келмейді, не бөлмелері жылы емес. Енді бұлай қабырғадан тоқтаусыз су кіре берсе, қанша жыл күткен үйіміз құлап қала ма деп уайымдайды.
«Кеше бірінші жаңбырда барып арыздандық. Бізді тыңдайтын құлақ жоқ. 9 этажда жалғызбасты ана тұрады. 3 баласы бар. Жаңбыр жауған күні жарықшамының үстінен су ақты. Тоқ ұрып кете ме деп 3 күн қорқып, жарық жақпай отырды. Адам өлімі болуы керек пе жөндеу үшін? Ал одан бері қанша рет жаңбыр жауды. Біздің жылда көрген күніміз осы. Шатырды жөндейді бірақ ешқандай нәтиже жоқ»,- деді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлжазира Андасбекова.
Нұрсат-3 шағынауданындағы үйлер 2017 жылы салынып біткен. Ал ғимараттан ақау шыққан жағдайда оны мердігер 5 жыл көлемінде жөндеп беруі қажет еді. Алайда құрылыс жүргізген кәсіпкер банкрот жариялап жабылып қалған. Тұрғындардың бар назы кепілдік биыл аяқталады. Ал бізге ешқандай да дұрыс жөндеу жасалмаған дейді. Ал жауапты мамандар олқылықтардың орнын жақын арада толтырамыз деумен шектелді.
«Бүгінгі таңда орын алған қабырғадағы жарықтар үйдің қабырғасы сп панель болғандықтан, сол екі панельдің қосылған жерінен сызық беріп жатыр. Негізі мердігер мекеме жөндеген. Күн ашылса, барып қарап, мердігер мекеме 1-2 аптада қайта жөндейтін болады»,- деді Шымкент қаласы құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұржан Оразбаев.
Құрылыс басқармасының қызметкері барлық мәселені шешетінін айтты. Дегенмен тұрғындар мұндай уәдені бұған дейін де талай естігенін, бірақ осы күнге дейін ешқандай оң өзгеріс болмағанын айтады. Сондықтан, бұл проблемаға қала әкімі назар аударса дейді.