Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, қазіргі рейстер Астана мен Алматыдан келетін жолаушылар үшін аздық етеді
Абай облысының әкімшілік орталығы – Семей қаласына келер жылдан бастап әуе рейстерін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Уранхаевтың FlyArystan компаниясының басқарушы директоры Адриан Хамильтон-Маннспен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тараптар жолаушылар ағыны мәселесін және алдағы уақыттағы өңір мен компания арасындағы бірлесіп атқаратын жұмысты талқылады.
Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, қазіргі рейстер Астана мен Алматыдан келетін жолаушылар үшін аздық етеді. Сондықтан Абай облысының әкімшілік орталығы мен Қазақстанның ірі қалалары мен елорда арасында әуе қатынасының жиілігін жолға қоюдың шұғыл қажеттілігі бар.
FlyArystan басқарушы директоры Адриан Хамильтон-Маннс атап өткендей, 2022 жылы авиакомпания Семей қаласынан Шымкент қаласына қосымша авиамаршрутты орындады. Әуекомпания осы өңірдегі жолаушылар ағынын ұлғайту мүмкіндіктерін қарастыратын болады.
Жақын арада Семей әуежайында өзін-өзі тіркеу сөрелері пайда болатыны белгілі болды.