Алдағы уақытта geopavlodar.kz порталында барлық салынатын құрылыстардың жобасы жарияланатын болады
Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Жангелді Шалғымбаев тұрғындар арасында дау тудырған Торайғыров ¼ мекенжайындағы үйдің сүрілмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Pavlodarnews сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол бұл жер учаскесіне қатысты құрылыс істері жөніндегі комитет 2 рет тексеру жүргізгенін атап өтті.
«Бастапқыда бұл үйге қатысты құрылыс жүргізушіге біз рұқсат қағазын бердік. Сосын комитет тексеру жүргізіп, біріншісінде бұл аумақты «басқа да бағыттағы» жер деп таныды. Яғни, ол резеревтегі жер болып табылады. Ол жерге кез келген нысан салуға болады. Екінші тексерісте комитетте аумақты үй-жайлық құрылысқа арналған жерге жатқызды», - деді Жангелді Шалғымбаев.
Ал, қала құрылысы бөлімі комитеттің бірінші шешімін сотқа беріп, аталған аумақ қаланың Бас жоспарында көрсетілгендей үй-жайлық құрылысқа арналғанын ескеруді талап еткен. Сотта жеңіліп, апелляцияға берген. Аппеляция беріп қойғаннан кейін ғана комитет екінші шешімін шығарған. Бірақ сот әлі жалғасуда.
Қорытындысында аталған мекенжайдағы үй сүрілмейтін болады. Тек құрылысшы құжаттарын дұрыстап барып, жұмысын жалғастырады.
Сондай-ақ Жангелді Шалғымбаев кеше Естай көшесі, 102 мекенжайындағы үй бойынша сот отырыс болғанын айтты. Сот шешімі бойынша үй сүрілуі тиіс. Шешім 5 күнде күшіне енеді.
«Сот орындаушысы арқылы оны құрылысшының жеке есебінен сүргізетін боламыз. Ол үйді компания рұқсат құжаттарсыз салған. Жердің қолданылу мақсаты басқа болған. Ол жерде жай ғана жеке үй болу керек болған. Ол көп қабатты үй салған», - деді Жангелді Шалғымбаев.
Жангелді Шалғымбаевтың айтуынша, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдің тапсырмасы бойынша қазір Павлодар қаласының Бас жоспарына түзетулер енгізілуде. Осы түзету бейберекет құрылыстардың мәселесіне нүкте қоймақ.
«Түзетулерді енгізу кезінде қазір ереже бұзу арқылы салынып жатқан барлық құрылыс жоспарға енгізілетін болады. Яғни, түзету енгізілгенде сол жерде тұрған нысан ретінде заңды болып танылады. Тек сот ісі жүріп жатқан нысандар енбейді», - деді Жангелді Шалғымбаев.
Қазіргі уақытта қалада Торайғыров көшесі, ¼, Қамзин көшесі, 102, Сәтбаев көшесі, 245 мекенжайындағы үйлердің құрылысы бойынша сот ісі жүргізілуде.
Құрылыс маманы алдағы уақытта қаладағы әр шағын ауданның егжей-тегжейлі жоспары құрылыстардың дұрыс салынуына әсер ететінін айтты.
«Қаладағы бейберекет құрылыстардың мәселесі бүгін ғана пайда болған жоқ. Бұл бұрыннан бар. Тек қазір құрылыс саны артып кетті. Қаламызда егжейлі-тегжейлі жоспарлар түгел болған кезде біз ретке келеміз. Сол кезде біз мынау құрылыс салуға болатын жер, мына жерде салуға болмайды деп айта аламыз», - деді Жангелді Шалғымбаев.
Қазіргі уақытта қалада 7 жоспар бар, тағы 4 жоспар дайындалуда. Келесі жылы 8 жоспар дайындау жоспарланған.
Айта кетейік, алдағы уақытта geopavlodar.kz порталында барлық салынатын құрылыстардың жобасы жарияланатын болады. Ол жерде жоба қоғамдық талқылауға түседі. Тұрғындар өз сұрақтарын қойып, өз өтініштерін білдіре алады.
Оған қоса, үлескер болғысы келетін кәсіпкерлер де аталған құрылыстың рұқсат қағаздарының бар-жоғын тексере алады.