«Жоспар қағаз бетінде қалды». Депутаттар Астана маңындағы ауылдардың мәселесін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Жібек жолы ауылының тұрғындары жәрдем бригадасын сағаттап күтуге мәжбүр

Фото: Tengrinews.kz

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Мәди Ахметов пен Елдос Абақанов Мәжілістің жалпы отырысында жасаған депутаттық сауалында елорданың маңындағы ауылдардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«2013 және 2017 жылдары Астана агломерациясын өңіраралық дамытудың жоспары мен схемасы бекітіліп, аталған құжаттарда іргелес елді-мекендердің әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ, 120 мыңнан астам тұрғыны бар Ақмола облысына қарасты үш ауданының тыныс-тіршілігін жақсарту көзделген еді. Қабылданған жоспардың барлығы қағаз бетінде қалды», - делінген депутаттық сауалда.

2019 жылы Мемлекет басшысы жылдар бойы бір әкімнен келесі әкімге мұра болған мәселені шешуге бағытталған атқарушы биліктің мардымсыз әрекеттерін сынға алып, елорда және Ақмола облысының әкімдеріне жақын маңдағы елді мекендерді дамыту жөніндегі жоспарларын сәйкестендіруді тапсырған болатын.

«Әйтседе, Президент берген тапсырмаға 3 жыл өткеніне қарамастан, екі әкімдік тарапынан нақты шаралар қабылданған жоқ. Бұған мен Астана маңындағы Қараөткел, Қаражар және Тайтөбе ауылдарына барған кезде көз жеткіздім. Облыс пен елорда арасындағы ауылдар жапанда қалғандай», - деді депутат.

Тұрғындардың айтуынша, сумен қамтамасыз ету, сапалы медициналық қызмет көрсету, жолдарды жөндеу және әлеуметтік нысандарды салу, сондай-ақ үздіксіз электрмен жабдықтау мәселелері ондаған жылдар бойы шешілмеуде. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары жыл сайынғы көктемгі су тасқынынан зардап шегуде.

Сонымен қатар заңсыз қоқыс полигондары мен қала маңындағы ауылдарға қатынайтын қоғамдық көліктерді дамыту мәселесі де айтылды. Күн сайын елордаға Қараөткел және Қаражар кенттерінің 24 мың тұрғынының 11 мыңнан астамы жұмысқа қатынайды.

«Елордаға жақын орналасқан Жібек жолы ауылының тұрғындары аудан орталығынан 40 шақырымда орналасқан медициналық жәрдем бригадасын сағаттап күтуге мәжбүр. Ал жақын маңдағы жедел жәрдем станциясы елорда аумағында орналасқан. Бұл жергілікті атқарушы органдар өзара келісімге келу арқылы шешуге болатын қарапайым мәселелердің бір ғана», - деп көрсетті Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов.