Әбдірашид Жүкенов кей істің алқабилер қарауына жатпайтынын атап өтті
ҚР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов Мәжілісте тілшілерге берген сұхбатында Кәрім Мәсімов пен оның ісі бойынша басқа да айыпталушылар істің алқабилер сотында қаралуынан үміт ете ала ма, жоқ па деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Әбдірашид Жүкеновтың айтуынша, алқабилер қарауына жатпайтын істер қатарында мемлекеттік төңкеріс жасау ісі де бар.
«Жоқ, бұл мүмкін емес. Кей істер алқабилер қарауына жатпайды», - деді Жүкенов.
Сондай-ақ ол құпия істерді жария ету үшін қанша уақыт қажет деген сауалға жауап берді.
«Қандай жағдайда да, Парламент шешеді. Бұл заңмен реттелуі керек. Заң бойынша жұмыс істейміз, заң өзгерсе, негіз де болады. Ондай істер құпия және құпия болып қала береді. Меніңше, қандай да бір ақпарат беріледі. Өйткені мемлекет қолжетімділікті қамтамасыз етуі керек. Кез келген мемлекетте ұлттық қауіпсіздікті қорғау деген бар. Ал мемлекет кейбір ақпаратты құпиялауға құқылы», - деп түйіндеді сөзін Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының басшысы.