Италия теңізде құтқарылған ер мигранттардың жағаға шығуына тыйым салды

Автор: Әсел Оршыбекова

Италия билігінің айтуынша, олар кемеде туы ілініп тұрған елден пана сұрауы тиіс

Фото: euronews.com

Италияның жаңа үкіметі иммиграциялық саясатты күшейтуде. Ел билігі енді Жерорта теңізі суларында қайырымдылық ұйымдары құтқарған ер адамдарға жағаға шығуға тыйым салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Италия билігінің айтуынша, мұндай мигранттар Италиядан емес, кемеде туы ілініп тұрған елден пана сұрауы тиіс.

Еуроньюс ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, жексенбіде Италия билігі Geo Barents кемесінен 215 мигрантқа жағаға шығуға рұқсат бермеген. Кеме «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымына тиесілі және Норвегия туының астында жүреді. Немістердің «Humanity 1» кемесі құтқарған 45 ер адам да осындай жағдайға тап болды.

«Теңізде бейбіт тұрғындардың құтқарылуына кедергі жасауға болмайды. Біздің моральдық және заңды міндетіміз – қауіп төнген адамдардың теңізге батып кетуіне жол бермеу. Бұл біздің іс — әрекетіміздің мақсаты болуы керек», - дейді Германия СІМ өкілі Андреа Зассе.

Бұл ретте екі кемеден бес жүзге жуық адам — әйелдер, балалар және денсаулығына байланысты проблемалары бар ер адамдар жағаға шығуға рұқсат алды. Geo Barents және Humanity 1 кемелері мигранттар бортта болғанша Катания портынан кетуден бас тартты. Себебі мигранттардың жағдайы өте ауыр дейді құқық қорғаушылар.

Бортында мигранттар бар тағы екі кемеге Италия билігі тіпті портқа кіруге рұқсат бермеді.