Өз сөзінде заңдар саяси жағдайға күрделі өзгерістер енгізетінін айтты
Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Мемлекет басшысы жария түрде қол қойған заңдар қандай өзгеріс әкелетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«2019 жылдан бастап айтылып келе жатқан реформа іске асырыла бастады. Ұлттық қоғамдық кеңес жұмысы негізінде біз біраз мәселе көтердік. Оның негізгілерінің бірі – Парламент жұмысының өзгерісі. Көп жылдан бері Парламентке партиялық жүйе арқылы келгендіктен мықты, өзінің ойын ашық айта алатын, тәуелсіз депутаттар азайды. Оның нәтижесінде Парламент жұмысында пікірталас, ой жарыстыру азайды. Сол себепті халықтың айтып жүрген проблемалары, ойлары билікке жетпей қалды», - дейді Мұрат Әбенов.
Оның пікірінше, қол қойылған өзгерістер Парламентті жаңадан қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Бұл дегеніміз – депутаттардың 30 пайызын халық тікелей сайлайды. Мұндай депутаттар тәуелсіз болады. Олар Үкіметке де сұрақты қаталырақ қояды. Ол депутаттардың халықпен тікелей байланысы да жақсы болады. Өз кезегінде халық та ол депутаттың мандатын тартып ала алады. Қол қойылған заң жобалары аясындағы өзгеріс біздің саяси жағдайға күрделі өзгеріс енгізеді деген сенімдемін», - деді ол.
Айта кетейік, 5 қарашада Мемлекет басшысы алты заңға жария түрде қол қойған болатын.