Танзанияда жолаушылар ұшағы құлап, 19 адам қаза тапты

Автор: Сағыныш Ибрагим

 Ұшақ бортында 43 адам болған

© TBC/Charles Mwebeya

Танзаниялық жолаушылар ұшағы Виктория көлінің жағалауында орналасқан Букоба қаласына қонған кезде құлады. Ұшақ бортында 43 адам болған, олардың кем дегенде 19-ы қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі ВВС ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар қызметі 26 адамды, оның ішінде екі ұшқышты да құтқара алғанын хабарлаған еді. Кейін елдің премьер-министрі ұшқыштар алған жарақаттарынан қайтыс болғанын мәлімдеді.

Precision Air авиакомпаниясының ATR 42 жолаушылар орташа магистральдық ұшағы Танзанияның ең үлкен қаласы Дар-эс-саламнан Мванза арқылы Букобаға ұшқан. Оқиға куәгерлерінің бірі Абдул Нури ұшақтың суға құлағанын көргенін айтты.

«Оқиғаны көзбен көру маған өте ауыр болды. Барлығы дүрбелеңге түсті, кейбіреулері айқайлап, жылап жатты», - дейді ол.

Жергілікті балықшылар ұшақ суға құлағаннан кейін оған қарай жүзіп барып, стюард ашқан артқы есік арқылы кейбір жолаушыны сыртқа шығара алғандарын айтады.

Апаттың себебі ауа райының қолайсыздығы деп аталады, бірақ апаттан кейін жаңбыр тоқтап, құтқарушылар оқиға орнына жедел жеткізілді.

Төтенше жағдай қызметкерлері ұшақты жағаға сүйреп шығарды. Ұшақ суға құлаған бетте бірден толығымен суға батып кеткен. Көл бетінде ұшақтың бір бөлігі ғана көрінді.

Precision Air – Танзаниядағы ең ірі жеке авиакомпания, ол ішкі және аймақтық рейстерді жүзеге асырады.