Қылмыстық іс «аса құпия» белгісімен тергелген және сотта да осы тәртіпте қаралады
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық істі зерделеу қорытындысы бойынша Бас прокуратура тергеу органының айыптау қорытындысын бекітті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қылмыстық іс Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қарауына жіберілді.
«Осылайша, айыпталушы Мәсімов К.К. (ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы) және Садықұлов А.Т. (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) мемлекетке опасыздық жасау (Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі), билікті күштеп басып алу (ҚК-нің 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттігін өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдалану (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) туралы баптар бойынша сотқа берілді», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Д.Е. Ерғожин (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары) билікті күшпен басып алғаны (ҚК 179-бабының 3-бөлігі), ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билік пен лауазымдық өкілеттіктерді өзіне және басқаларға пайда мен артықшылықтар алу мақсатында асыра пайдаланғаны үшін айыпталуда (ҚК 362-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы).
М.С. Осиповке (ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары), Д.М. Акиповқа (ҰҚК департамент бастығының бұрынғы орынбасары) және Н.К. Бекмуратқа (ҰҚК-ның бұрынғы басқарма бастығы) Қылмыстық кодекстің 362-бабының әртүрлі бөліктері бойынша айып тағылған.
Қылмыстық іс «аса құпия» белгісімен тергелген және сотта да осы тәртіпте қаралады.
Еске салайық, осы жылдың 6 қаңтарында ҚР ҰҚК ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша «Мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын. Сол күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.