Маңғыстауда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен ашылады

Автор: Azattyq Rýhy

Компания қалдықтарды сұрыптап, кәдеге жаратудың 3 тәсілін қолданады

Қатты қалдықтарды сұрыптау кешені Ақтау қаласынан 52 шақырым қашықтықтағы Түпқараған ауданында орналасқан. Алғашқыда кәсіпорында мұнай қалдықтары өңделген болатын. Енді 2023 жылдың аяғына дейін мекеме кеңейтіліп, пластик, шыны, көліктің дөңгелектері және т.б қатты қалдықтарды сұрыптайтын орталық болады. Бұл туралы Azattyq Ruhy Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеем жасап хабарлайды.

Маңғыстау облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қатты қалдықтарды сұрыптау, кәдеге жарату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Себебі, Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде өткізген кеңесінде полигондарды нормативті талаптарға сай қалыпқа келтіруді, қатты тұрмыс қалдықтарды сұрыптау, өңдеу,  жинау жұмыстарын толық аяқтауды тапсырған болатын.

2023 жылдың аяғына дейін Ақтау қаласынан 52 шақырым қашықтықта 20 га жерге ТҚҚ қайта өңдеу кешені бар полигон іске қосылмақ. Жоба құны 700 миллион теңгені құрайды. «Ecsad» ЖШС жеке инвестиция есебінен жобаны жүзеге асырады.

«Компания қалдықтарды сұрыптап, кәдеге жаратудың 3 тәсілін қолданады: биологиялық, физика-химиялық, термикалық. Жоба қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Себебі, көп қалдық экологияны ластайды»,-деді «Ecsad» ЖШС басшысы Азамат Тағанов.

Жалпы, қалдықтарды сұрыптау, қайта кәдеге жарату жұмыстары Ақтау, Жаңаөзен қалаларында және Қарақия, Бейнеу аудандарында  жүргізілуде.

2021 жылы облыс бойынша 132 360 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, оның 35 787 тоннасы сұрыпталды. Ал 2022 жылдың екінші жартыжылдығында 125 мың тонна қалдық сұрыпталып, қайта өңдеуге жөнелтілді.

Облыста қалдықтарды қабылдайтын 12 пункт бар. Қалдықтарды бөлек жинаумен және сұрыптаумен айналысатын 10-нан астам шағын бизнес субъектілері бар.

Сондай-ақ, Мұнайлы ауданындағы полигон маңынан құрылыс қалдықтарын жинап, қайта өңдейтін орталық құрылысын бастау жоспарланған. Қазір құзырлы орындар аталған жобаны жүргізу мақсатында жер учаскесін беру жұмыстарын қарастыруда.