$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Реформаларды ұсыну жеткіліксіз, жағдайды өзгертуге қол жеткізу керек – Тұрсынбекова

Реформаларды ұсыну жеткіліксіз, жағдайды өзгертуге қол жеткізу керек – Тұрсынбекова

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Алматыда құқық қорғаушылармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Құқық қорғаушылар, түрлі үкіметтік емес ұйымдардың құрылтайшылары, қоғамдық пікір жетекшілері келіп, өз пікір-ұсыныстарын білдірді. Олардың қатарында халықаралық заңгер Халида Әжіғұлова, «Мой дом» қоғамдық қорының негізін қалаушы Елена Белоконь, көпбалалы ана және алматылық ата-аналар қоғамдастығының өкілі Ирина Ким, ТжКБ қоғамдық қорының құрылтайшылары Мөлдір Жұмабаева және Зорлық-зомбылық және гендерлік теңдік мәселелерімен айналысатын Кирилл Вшивков және т.б. бар.

Кездесуге қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық, толық емес отбасылар, көп балалы, жалғыз басты аналар, жеңілдікпен ипотека, әлеуметтік баспана, адам саудасы, балалар құқығын қорғау, кедейлік пен табыс теңсіздігі, дарынды жастарды қолдау қиындығы және олардың елден кетуі мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ, көптеген игі бастамалардың оңтайлы жүзеге аспай жатқаны, одан кейін нәтижеге ешкімнің жауап бермейтіні айтылды. Салтанат Тұрсынбекова әрбір мемлекеттік реформаның «келбеті» болуы керек деп есептейді:

«Шетелде әрбір реформа оны ұсынып, жүзеге асырып жатқан шенеуніктің атымен аталады. Бізде де солай болуы керек. Мысалы, Ахметжанов, Исмаилов, Сәдуақасов реформасы, т.б. Нәтижесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид, есірткіге қатысты бағдарламалардың әрқайсысы шенеуніктің жеке жауапкершілігінде болады. Нәтиже болмағаны үшін де жауапкершілік болады. Реформаларды ұсынып, тетігін әзірлеу жеткіліксіз, қалыптасқан жағдайды өзгертуге қол жеткізу керек. Өйткені, әртүрлі бағдарламаларға қомақты қаражат бөлінеді және олардың қаншалықты тиімді, дұрыс мақсатқа жұмсалғаны әрдайым анық бола бермейді. Содан кейін олар шектен шығып, ұсақ мемлекеттік қызметкерлерді жазаламайды», - деді кандидат.

Халида Әжіғұлова тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық, адам саудасы мәселелерін көтерді. Салтанат Тұрсынбекова құқық қорғау органдарының бұл тақырыпқа мән бермейтінін атап өтті.

«Бір себептермен бұл проблемалар елеусіз болып көрінеді. Мемлекеттік мекемелердің есігін қағып, қолдау көрсетулерін сұрап жүргенімде: «Салтанат Пархатқызы, сіз эмоциямен осы тақырыптарды көтеріп жүрсіз, сіз айтқан жағдайлар халықтың аз пайызындағы мәселелер екенін түсінесіз бе?» дейді. Мен айтамын: «Жарайды, сен бұл жағдайды өз отбасыңда анаңның, әпке-сіңліңнің басынан өтпеген соң түсінбей тұрсың. Санға емес, адамға, оның отбасына қараңыз. Халықтың 1 пайызы немесе жарты пайызы емес, бір қазақ қызы зорланған», - дейді Салтанат Тұрсынбекова.

Ирина Ким Алматыдағы әлеуметтік баспана халықтың әлеуметтік осал топтарына берілуі керектігі туралы айтты. Жиын соңында көп балалы ана Салтанат Тұрсынбековаға жоғарыда аталған мәселелердің барлығын алға жылжытатын Әйелдер партиясын құруды ұсынды.

Еске салайық, бүгін – Салтанат Тұрсынбекованың Алматыдағы екінші күні. Бірінші күні ол қала тұрғындарымен кездесіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады. Бүгін таңертең зияткерлік меншікті қорғау мәселелері бойынша халықпен кездесу өткізді.

Алматы - кандидаттың сайлау алдындағы үгіт-насихат сапарларымен барған алтыншы өңірі. Құқық қорғаушы бұған дейін елордада, Қарағанды, Ақмола, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында болған.

Серіктес жаңалықтары