Павлодарда 165 тонна бензинді елден заңсыз алып шыққан кәсіпорын директоры сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сотталған азаматтан 54 млн теңге өндірілді

Фото ашық дереккөзден

Павлодарда 165 тонна АИ-95 маркалы бензинді цистерналарға құйып, елден заңсыз алып шыққан кәсіпорын директоры сотталды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Агенттіктің Павлодар облысындағы департаменті АИ-95 маркалы бензині бар 3 вагон-цистернаны «жанармай қоспасы» деген желеумен елден заңсыз әкету фактісін анықтады. 165 тонна бензиннің жалпы құны 54 млн теңгені құраған.

Сондай-ақ, дәл сол компания 89 млн теңге тұратын 280 тонна АИ-95 маркалы бензинді бес вагон-цистернамен Өзбекстанға экспорттамақ болған.

«Жалпы, аталған компания Өзбекстан мен Тәжікстанға 90 миллион доллардың 100 мың тоннадан астам жанар-жағармайын экспорттауды көздеген. ЖШС директоры өз кінәсін толығымен мойындады», - делінген агенттік хабарламасында.

Тәркіленген бензин мемлекет кірісіне айналдырылып, сотталған азаматтан 54 млн теңге өндірілді.

Сот үкімімен директор кінәлі деп танылып, үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.