Күтім болмаған соң, талдар майысып, орталық көшенің сәнін бұзып тұр
Петропавлдың орталық көшелеріне осыдан 4 жыл бұрын отырғызылған ағаштар күтімсіз қалған. Тұрғындар бюджеттің қаржысына жасалған жұмыс еш нәтиже бермегеніне наразы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Бұл – 4 жыл бұрын отырғызылған 150 шетен ағашының қазіргі күйі. Күтім болмаған соң, талдар майысып, орталық көшенің сәнін бұзып тұр. Агроном Артур Рязапов олардың әу баста дұрыс отырғызылмағанын айтады.
«Бұл жерде бірнеше себеп бар. Отырғызылған талдар жерсінбеген. Жергілікті тәлімбақтан 5 метрлік ағаштар әкелінді, ол негізінде 3,5 метрлік болуы керек еді. Сол себепті де бір-біріне тығыз өскен. Оларды кесіп, бір жерден екінші жерге 3-4 рет отырғызу керек. Бұл ағаштар қоректік заттарды қажет етеді. Оларға көміртек, оттегі, азот, фосфор, калий, магний және күкірт қажет. Мүлде күтім болмаған», – деді «Ботаникалық бақ» ҮЕҰ директоры Артур Рязапов.
Табиғат жанашырлары ағаштар қысқа шыдамауы мүмкін деп отыр. Оларды тіктеп, байлап құтқарудан басқа амал жоқ. Артур Рязапов орталық көшеге мүлдем басқа ағаштарды отырғызуға кеңес береді. Тұрғындар да қаланы көгалдандыру жұмыстары нәтижесін бермеді деп наразы.
«Ақша жұмсалғаннан кейін оған күтім жасау керек. Оларға екі немесе үш жыл болды. Ағаштар тіпті гүлдемейді. Олар өспейді, кеуіп, қурап жатыр. Бұл үшін кім жауап береді?», – деді қала тұрғыны Людмила Жукова.
«Әрине, өкінішті. Серуендеуге шыққанда көріп, жүрегім ауырады. Біразын өзім көтеріп те қойдым. Отырғызғаннан кейін қарау керек қой. Бәрі бақылаусыз қалған, көшелер көгалдандырылмаған. Әкімдіктің қалай жұмыс істеп жатқанын осыдан-ақ байқауға болады», – деді қала тұрғыны Александр Брютов.
Шетен ағаштарын отырғызғаннан кейін, оларды 5 жыл аралығында күтіп, баптау керектігінен әкімдік бейхабар болған көрінеді. Не де болса, қазір майысып, қураған ағаштар қалпына келтіріліп жатыр деп сендірді.
«Олардың қатты пісіп жетілуіне байланысты үстіндегі бұталары астына қарай кішкене түсіп кетті. Қазіргі таңда оларды қалпына келтіру жұмысы жасалып жатыр. Жаңағы сумен, минералды қоспалармен суарылады», – деді Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Қаланың жасыл желектеріне жауапты мамандар ағаш отырғызуға бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін айтпады. Ал биылдыққа Петропавлда бір де бір тал егілмепті.