Атыраудан Грузияға 60 мың доллар алып бара жатқан қазақстандық ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір аталған дерекке қатысты іс қозғалды

Фото ашық дереккөзден

Атыраудан Грузияға 60 мың доллар алып бара жатқан қазақстандық ұсталды. Бұл туралы Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департаменттің мәліметінше, қазақстандық 20 жастағы азамат Атырау-Кутаиси бағытындағы халықаралық рейспен ұшпақ болған.

«Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайындағы кеден бекеті мен Атырау облысы бойынша тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері 3 қарашада Атырау- Кутаиси рейсімен ұшатын жолаушылардың қол жүктеріне тексеру жүргізді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әкету күніне белгіленген бағам бойынша есептелген және 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге тыйым салынған. Әуежайдағы «RAPISCAN» рентген телевизиялық аппараты арқылы кедендік бақылау жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының 20 жастағы азаматы Б.Ф-ның қол жүгінен 60 700 (алпыс мың жеті жүз) АҚШ доллары, 10 000 (он мың) Ресей рублі және 7 000 (жеті мың) теңге ақша анықталды», - делінген хабарламада.

Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 545- бабымен іс қозғалды.