Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді
Қызылордада төбесіне құрылыс сатысының бөлшегі құлаған әйел көз жұмды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің телеграм-арнасында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, 2 қараша күні сағат 14.40 шамасында 102 арнасына хабар түскен.
Онда Қызылорда облыстық полиция департаментіне қарасты емханада құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында азаматшаның басына құрылыс сатысының темір бөлшегі құлап, салдарынан әйел оқиға орнында қайтыс болғаны айтылады.
«Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабының 2-бөлігінің (Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) қылмыстық іс тіркеліп, тергеп-тексеру шаралары жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды», - деп атап өтті Қызылорда қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімінің орынбасары Әуелхан Құдайберген.