БҚО тұрғыны сәбиінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр
Бұл оқиға ізімен сот-дәрігерлік сараптама тағайындалған
«Емдетемін деп ауруханаға апарған қызымды дәрігерлер өлтірді». Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының тұрғыны Еламан Орынбаев екі айлық сәбиінің шетінеуіне ақ халаттыларды кінәлайды. Ал дәрігерлер сырқат балаға тиісті ем-дом жасадық дейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.
Бөбектің оқыс өлімінен кейін полиция қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған.
Қайғыдан қан жұтқан Еламанның айтуынша, сол күні қызы қатты мазасызданып, шырылдап жылаған. Кейін анасы жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарыпты. Сәбиді рентгенге түсіргеннен кейін дәрігерлер «өкпесі қабынған» деген диагноз қойған. Осыдан кейін баланың дәріге аллергиясы бар-жоғын тексеріп, ине салыпты. Бірақ он минуттан кейін сәбидің халі нашарлап, шетінеп кеткен.
« Дәрігерлердің кінәсі бар деп ойлаймын. Педиатр назначение бергеннен кейін уколдан соң, үйіне кетіп қалған. Жүрекке массаж жасағанда қан жиналады ғой. Жарты сағат бойы жасаған. Соған экспертизада көрініп тұр қан жиналған деп. Соны бізге баланы құлатып алған деп, жерге түсіріп алған дейді. Бірақ бізде бұл екінші бала. Анасының кішкене болса да тәжірибесі бар ғой. Ондай ештеңе болмады. Сонда олар өздерінің кінәсін мойындамай тұр. Бізді кінәлап тұр», - дейді баланың әкесі Еламан Орынбаев.
Ал аудандық аурухананың басшысы тиісті ем-дом жасалғанын жеткізді. Сондықтан бұл жерде дәрігерді кінәлау бекер дейді.
«Сәбиге «кардиомеголия» деген диагноз қойылды, яғни, жүрегі үлкейіп кеткен. Кейін тексерген кезде кенеттен өршіген әлдебір вирустың салдары болар деген ойға қалдық. Өйткені жүректің айналасындағы қабықша қанға толып қалған. Қанның қалай пайда болғаны түсініксіз. Қазір мамандар осыны анықтап жатыр. Бірақ нақты нәтиже әлі шықпады», - дейді Бәйтерек аудандық ауруханасының бас дәрігері Темұр Мұсағалиев.
Бұл оқиға ізімен сот-дәрігерлік сараптама тағайындалған. Сәбидің өлімі кімнің мойнында екені соның нәтижесі шыққан соң айқындалады. Бірақ сараптама қорытындысының қашан дайын болары белгісіз.