СҚО-да ең ірі сүт-тауарлы фермасы іске қосылды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Биыл Қазақстанда 35 өнеркәсіптік сүт фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр

Солтүстік Қазақстанда сүт тауарлы ферма іске қосылды. Бұл өңірдегі ең үлкен және республикадағы ең ірі фермалардың бірі. Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Березовка елдімекенінде орналасқан кешен 1800 мал басына шақталған. Кәсіпорын жылына 9 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ЖОБАНЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА 4,5 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛДЫ

Заманауи ферманы салуға бір жарым жыл уақыт пен 4,5 миллиард теңге жұмсалды. Нысанда асыл тұқымды мал ғана өсіріледі. Олардың алғашқы легі әкелінді.  Кешен толық қуатына көшкенде 100 адам екі қолға бір күрек табады. Әзірге 30 жұмысшы еңбек етіп жүр. Солардың бірі Валерий Козлов. Ерадам фермада 2 айдан бері еңбек етіп келеді. Міндеті малға тиісті күтім жасау.

«Жалақы жаман емес. Қолға 180 мың теңге аламын. Бұл елдімекен үшін өте жақсы көрсеткіш. Көршілес Рузаевка ауылында тұрамын. Күнде ферманың көлігі қатынайды. Барлық жұмысшыларды алып келіп, үйлеріне қайта апарады. Жұмыс та аса ауыр емес. Өйткені бәрі автоматтандырылған. Серіктестіктің асханасында келіншегім жұмыс істейді. Сүт тауарлы ферма ашылатынын естіп өзі орналасып, мені де осында әкелген сол кісі. Жұмыс өзімізге өте ыңғайлы. Бұған дейін уөп уақыт бойы ешқайда орналаса алмай үйде отырдым», - дейді жұмысшы Валерий Козлов. 

Бос орындарға конкурс жалғасып жатыр. Ферма басшылығының айтуынша, орташа еңбекақы 235 мың теңгеге жетпек.

МЕГАФЕРМА БІР ЖЫЛ БОЙЫ 30 МЫҢ АДАМДЫ СҮТПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛАДЫ

Ғабит Мүсірепов ауданында 3 сүт фермасы болған еді. 5 жылда олардың саны екі еселеніп, 6-ға жетті. Кешенде 1800 бас голштин-фриз тұқымды қара мал бағылады. Бүгінгі күні соның 554-і фермаға жеткізілсе, тағы 374-і қараша айында келуі тиіс. Келер жылы тағы бір легі әкелінеді.

«Кешенге жеткізілген 560 сиырдың басым бөлігі бұзаулады. Әлі де төлдей береді. Тәулігіне 40 тонна ақ өндіруді жоспарлап отырмыз. Сүтті жергілікті «Маслодел», «ЕвразианМилк» зауыттарына сатамыз. Жалпы, сұраныс үлкен. Мақсатымыз – сапалы өнім шығару. Соңғы 5 жылда 1,6 млрд теңге демеуқаржы алды. Онсыз біз тез арада осындай нысан аша алмайтын едік. Субсидияның арқасында асыл тұқымды мал алдық. Есесіне серіктестік 124.8 млн салық төледі. Мемлекет алдындағы жауапкіршілікті біз де сезінеміз. Жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмысшыларға барынша жағдай жасап жатырмыз. Ауқымды инвестиция жұмсалып жатыр. Бұл – ұзақмерзімді жоба», - дейді серіктестік дирекоры Абдурахим Нукаев.

Шаруашлық қарамағында 24 мың гектардан астам алқап бар. Оның 17 мың гектарына түрлі дақылдар себілмек. Қалғаны жайылымдық жер. Яғни, ферма өзін-өзі мал азығымен қамтамасыз етеді.

«Бұл - облысымыздағы ең үлкен сүт фермасы және республикадағы ең ірі ақ өнімдерді шығаратын нысандардың бірі. Толық қуатына шыққанда ферма жылына 9 мың тонна сүт өндіреді. Қарапайым тілмен айтсақ, мегаферма бір жыл бойы 30 мың адамды сүтпен қамтамасыз ете алады. «Буденный» және «УК Әділ» серіктестіктерінде 2 ферма салынып жатыр, көктемде тағы екі ферманың құрылысы басталады. Ауданда барлығы 10 сүт фермасы жұмыс істейтін болады. Автоматтандырылған және цифрлық нысан өнімділікті айтарлықтай өсіреді. Егер ескі фермаларда жылына бір бас 3 мың литр берсе, заманауи кәсіпорында бұл көрсеткіш 7-8 мың литрге жетеді. Осылайша, цифрлық технологиялар өнімділікті екі есе ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні қазақстандықтар тұтынатын сүт өнімдерінің 25 проценті бізде, яғни Солтүстік Қазақстанда шығарылады. Бұл аз көрсеткіш емес. Дегенмен, осы нәтижемен тоқтамай оны 30 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы биыл өндірілетін сүт көлемі 670 мың тоннаға дейін жетпек. Былтыр 629 мың тоннамен шектелген едік», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.

ҚАЗАҚСТАНДА 35 СҮТ ФЕРМАСЫН АШУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Биыл Қазақстанда 35 өнеркәсіптік сүт фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның барлығында 400 мың бас ірі-қара өсірілмек. Нысандардың тең жартысы Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істейді. Ал биыл барлығы 8 ферманы іске қосу жоспарланған. 

«Облыс шаруалары сүтті ірі-қара өсірумен қатар, етті сиырларды өсіруді де қолға алды. Мақсатымыз – ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, импортты қысқарту. 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңы салынды. Еуропа елдерінен 5000-нан астам асыл тұқымды мал әкелінді. Әкелінетін малдың генетикалық әлеуеті жоғары, біздің жағдайымызға бейімделген және өнімділігі жақсы. Біз ұсақ ферма емес, барынша ірі нысандар салуға баса мән беріп отырмыз. Ондай нысандарға мал дәгірері, зоотехник сынды біліктілігі жоғары мамандарды тартамыз. Ал ұсақ шаруашылықтар оларға тиісті жалақы төлей алмайды. Сондықтан мемлекет үшін де неғұрлым қуатты нысандар ашу тиімді», - дейді Құмар Ақсақалов. 

Жалпы 2022 жылы облыста ауыл шаруашылығы саласында 81,9 миллиард теңгенің 33 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатыр.