Денсаулық сақтау министрі белгілі ақын Жүрсін Ерманның жағдайы туралы пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Ақынның жағдайы туралы министр Ажар Ғиният пікір білдірді

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы, белгілі ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Танымал тұлғаның ауруханада жатқаны туралы жыршы-термеші, айтыскер ақын Дидар Қами әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Жүрсін Ерман әкеміз жансақтау бөліміне түскелі дұғамызды үзбей, ағамыздың дертінен құлан-таза айығып кетуін Жаратқаннан жалбарынып сұраудамыз. Сіздер де дұғаларыңызға қосып, ағамызға Алладан амандық сұрасаңыздар екен», - деп жазды Дидар Қами.

Жүрсін Ерманның денсаулық жағдайына қатысты пікір білдірген министр Ажар Ғинияттың айтуынша, қазіргі сәтте ақынға тиісті ем-дом жасалып жатыр.

«Жүрсін ағамыздың денсаулығы толық бақылауда, ауру асқынып, сепсиске айналыпты. Дәрігерлер қарап жатыр, тиісті ем жасалуда. Уақыт пен сабыр керек», - деді А. Ғиният.