Аталған карта арқылы саяхатшылар қасиетті өлкенің тарихи орындары арқылы 3 тілде ақпарат ала алады
Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Абай өңірінің мәдени-тарихи мұрасы бойынша интерактивті карта әзірледі. Жобаны жасаушылар авторлық құқыққа қол жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Аталған карта арқылы саяхатшылар қасиетті өлкенің тарихи орындары арқылы 3 тілде ақпарат ала алады.
«Картамыз әзірге макет түрінде жасалды. Дегенмен, саяхатшыға қажетті ақпараттың барлығын қамтыдық деп айта аламын. Неге десеңіз, Семей – Қарауыл күре жолынан бастау алатын бағытта Күшікбай асуынан Бөрілідегі М.Әуезов мұражай-үйі, Қасқабұлақ, Ойқұдық, Еңлік-Кебек үңгірі, Ералы жазығы, Әйгерім қыстауы, Жидебайдағы мемориалды кешенге дейінгі тарихи-мәдени орындар жайлы мол мағлұмат береді. Біздің картамыздың артықшылығы – саяхатшыға ыңғайлы болу үшін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ақпараттар жүктелді. Ал осы мәліметтерді оқымай, тыңдағысы келетіндер үшін аудио жазба енгіздік. Демек, өзіне керекті ақпаратты әртүрлі әлеуметтік желіден іздеудің қажеті жоқ. Барлығы бір жерге топтастырылған біздің картаны пайдаланса болғаны», - дейді жоба авторларының бірі Мирас Айтбек.
Шәкірттердің ғылыми жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Мақсат Құдагелдиннің сөзінше жас зерттеушілер жобаны жүзеге асырмас бұрын көп уақыт бойы ізденіп, мағлұмат жинаған.
«Ұстаз болған соң шәкірттеріміздің осындай бастамаларына, ізденістеріне үнемі қолдау білдіріп отырған дұрыс. Біз бағыттаушымыз. Қажет болған жағдайда тиісті көмегімізді көрсетеміз. Енді біздің алдымызда жобаны жетілдіру жұмыстары тұр. Ендігі мақсатымыз – карта макетін толыққанды сайтқа айналдырып, оның ғаламторсыз жұмыс жасауына жағдай тудыру», - дейді ғылыми жетекші.
Жас зерттеушілер интерактивті карта жасау идеясы өлкенің облыс мәртебесін алуына байланысты туындағанын айтып отыр. Платформаны кез келген адам пайдалана алады.