Әуе компаниялары ұшақ билеттерінің бағасы қалай реттелетінін түсіндірді

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл сайын жолаушылар ағыны шамамен 10 пайызға өсіп келеді

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңы» аясында әуе билеттерінің бағасы нарықтағы сұранысқа қарай автоматты түрде реттелетіні айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Азаматтық авиация комитетінің өкілдері қазақстандық әуе компаниялардың жетекшілерімен кездесті. Басқосуға Air Astana, Fly Arystan, Scat, Qazaq Air, «Южное небо» және «Оңтүстік» сынды авиа тасымалдаушылардың басшылары қатысқан жиында жол жүру құжатының құны халық арасында ең жиі талқыланатын әрі үлкен маңызға ие мәселе екені талқыланды.

«Жыл сайын жолаушылар ағыны көрсеткіші шамамен 10 пайызға өсіп келеді. Мәселен, отандық авиакомпаниялар 2022 жылдың алғашқы 8 айында ішкі және халықаралық бағыттар бойынша 6,9 млн адам тасымалдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Ал пандемияға дейінгі, яғни 2019 жылғы көрсеткіштен 23 пайызға артық. 2021 жылы ішкі нарықтың өзінде 7,5 млн адам тасымалданды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 64 пайызға көп», ­– деп атап өтті Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.

Басқосу барысында қазақстандық авиакомпаниялар қолданыстағы әуе билеттерінің тарифтік бағамдары мен баға белгілеу механизмін таныстырды.  

Сонымен қатар жиын барысында халықаралық және ішкі бағыттар бойынша бір шақырымға белгіленген жоғары және төменгі шектегі тарифтерді белгілеу саясаты талқыланды. Белгілі болғандай, бұл тараптағы қазақстандық тасымалдаушылардың тариф құны шетелдік авиакомпаниялармен салыстырғанда едәуір төмен.

Мамандардың айтуынша, билет бағасы нақты бағыттар бойынша сұраныс пен ұсыныстан, маусымдық және тәуліктік сұраныстың ауытқуынан, билет сатып алу кезіндегі борттағы жүктеменің артуынан айқындалады және белгіленеді. Сондай-ақ оның құны аэронавигациялық және әуежайдағы түрлі қызметтерден, авиа жанармай мен амортизациялық шығындардан құралады.

Бүгінде әуе билеттерінің бағасы арнайы реттелмейді, авиа тасымалдаушылар динамикалық баға белгілеуді қолданады. Былайша айтқанда, билеттердің құны нарықтағы сұранысқа қарай автоматты түрде реттеледі. Егер де ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің талаптарына сәйкес бәсекелестікті қорғау бойынша ҚР заңнамасы бұзылған жағдайда монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылатын болады.