Ақмола облысына ірі көлемде есірткі жеткізумен айналысқан Астана тұрғыны ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аршалы ауданы Жібек Жолы кентінің өткізу терминалында арнайы операция жүргізілді

Фото: ашық дереккөзден

Ақмола полицейлері марихуананың ірі партиясын оңтүстік өңірден жеткізушіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ақпараты бойынша елорданың 43 жастағы тұрғыны біраз уақыттан бері Ақмола өңірінің аумағына есірткі заттарын жеткізумен айналысқан.

«Оны растау үшін жедел уәкілдер алдын ала бірқатар арнайы іс-шаралар өткізді, сонымен қатар шикізатты дилердің республиканың оңтүстік аймағынан әкелгенін анықтады. Күдікті жолаушы ретінде отырған Chevrolet Cobalt автокөлігін тінту кезінде полицейлер салон ішінен, орындықтардың астынан екі полиэтилен орамасын тапты. Оның ішінде тағы үш полиэтилен және төрт қағаз орамасы болды», - деп көрсетті Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.

 Марихуананың жалпы салмағы 1,5 келіден асады. Қызметтік иттер есірткінің иісін сезбесін деп күдікті марихуана пакеттерін қышқыл майонезбен өңдеп қойғаны белгілі болды.

Бұл факт ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша тіркелді. Тергеп-тексеру кезінде елордалық тұрғын қамауға алынды.

Тегтер: