Ол мемлекеттік айыптаудың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті дәлел келтіре алмағанын жеткізді
Бүгін экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сотта соңғы сөзін сөйлеп, тергеу барысында көптеген заңбұзушылық болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Елжан Біртанов сотта бұрынғы әріптестеріне бірге жұмыс істегені үшін алғыс білдіре келе, министр болып қызмет атқарғанда өзінің орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты өкінішін жеткізді.
«Маған сенім білдірген командамның алдына қойған мақсаттарымды жүзеге асыруға атсалысқан Олжас Амангелдіұлының, басқа да әріпетстерімнің ақыр соңында осылай мен сияқты қудалауға ұшырап, қамауға алынғанына қатты өкініш білдіремін. Мемлекеттік айыптау біздің кінәмізді дәлелдейтін жеткілікті дәлел келтіре алмады», - деді сөзінде Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, тергеу объективті түрде өтуі тиіс болғанымен, мүлдем басқаша сипат алған.
«Біз көптеген заңбұзушылыққа куә болдық. Бұлай болмауы керек. Тергеу объективті болуы керек. Іс қозғалғалы бері осылай жалғасып келеді, куәгерлерге, айыпталушыларға қысым көрсетіліп, сараптамалар кезінде түрлі әрекеттер жасалып жатыр. Біз тергеу тарапынан біліксіздікті ғана көріп отырмыз», - деді ол сөзінде.
Ол қорғау тарапы барлық тиісті материалды ұсынғанын айтты.
«Бұл іс сотқа түспеуі керек еді. Біздің қорғау тарапы жағдайға объективті көрініс беретін көптеген дәлелдемелер келтіріп, хаттар, келісімшарттар, техникалық құжаттамалар, куәгерлердің айғақтарын, бәрін ұсынды. Тіпті жеке хат алмасуды да көрсетті. Біз арам ниетіміз болмағанын дәлелдедік. Біз қылмыскер емеспіз, заңды бұзғанымыз жоқ», - деді Е. Біртанов.
Тақырыпқа орай: Прокурор Елжан Біртановты ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады
Айта кетсек, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке «Денсаулық сақтау АЖ ақпараттандыру және өзара әрекеттесу» платформасында мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізбей-ақ жұмысты аяқтау туралы келісімшарт жасасып, қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Соның салдарынан мемлекетке 1,5 млрд теңге залал келген.
Еске салайық, мемлекеттік айыптаушы Біртанов пен Әбішевті алты жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.