$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбеде мүгедектерге қызмет көрсететуге тиіс қор дайындықсыз болып шықты

Ақтөбеде арбаға таңылған мүгедектер оңалту қызметін көрсететін қордың жұмысына көңілі толмай отыр

Ақтөбеде мүгедектерге қызмет көрсететуге тиіс қор дайындықсыз болып шықты
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен тендер ұтып алған ұйым мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін массаж жасап, емдеу шарасын жүргізу керек болған. Бірақ орталық орналасқан ғимаратқа арбадағы адамдар кіре алмай жүр. Өйткені пандустан бастап, жоғары қабатқа көтеретін лифті де жоқ. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мүгедек жандар қоғамдық қордың мұнысын нағыз қорлау деп ашынды. Ақтөбелік мүмкіндігі шектеулі жандарға бұған дейін арнайы оңалту орталығы болмаған. Мемлекеттік тапсырыспен тегін емдеу шараларсы жүргізілетінін жақында естіген бірінші топ мүгедектері қатты қуанған. Бірақ орталық орналасқан ғимаратты көргенде қуанышы су сепкендей басылды.

«Біледі ғой, біз туралы мәліметті алғанда бірінші топ мүгедек екенімізді. Бұл мазақ сияқты. Қайдан білейін, бәріміз мұңайып қалдық. Бір қуанып, бір ренжіп», - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлнар Жәнібекова.

Арбамен жүретін адамдарға ғимаратқа кіріп-шығу мүмкін емес. Оңалту орталығының есігіне апарар пандустан бастап, екінші қабатқа көтеретін лифті де жоқ. Қол-аяғынан айрылған ақтөбелік Гүлмира Сражова ғимаратқа еңбектеп әрең кіргенін айтады. «Ақтөбе дамуы» аталатын қордың бұл істеп отырғаны нағыз қорлық дейді ол.

«Менің ойыма да келген жоқ, келген кезде оңалту шараларын көрсететін ғимаратта пандус болып, біз өз еркімізбен кіре алмаймыз деп кім ойлаған. Мен шок алатындай күйде болдым. Себебі, бірінші қабатта пандус жоқ. Ал қызметтер екінші қабатта көрсетіледі. Яғни тендер бойынша жұмыс істерде құзіретті органдар тексермеген»,- деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлмира Сражова.

Ал тендер өткізген Ақтөбе облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Ондағы басшылар ғимараттың мүгедектерге қызмет көрсетуге сай келмейтінін екі-үш ай бұрын біліпті. Содан бері құр ескерту айтумен отыр.

«Ескерту бердік. Мынаны шешіңдер, басқаны іздеңдер деп. Олар бізге уәде берді. Басқа ғимарат іздеп, әлеуметтік қызмет көрсетуге. Олар ғимарат таба алмай отыр. Ал біз оларға ескерту бердік»,- деді Ақтөбе облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Сүйіншалина.

Ақтөбе облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мақсатында қазынадан 42 миллион теңге бөлінген. Осы тендерді «Ақтөбе дамуы» қоғамдық қоры ұтыпты. Ең қызығы, басшылары мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін кіріп-шығуына басын қатырмайды.

«Біз алдын ала хабарласып, келетін адамның арбамен жүргенін немесе арбасыз келетінін біліп аламыз. Арбадағы адам болса, біздің балалар көтеріп кіргізеді. Іште еріп жүреді», - деді «Ақтөбе дамуы» қоғамдық қорының директоры Арслан Қарханов.

Қоғамдық қор мемлекеттік тапсырыспен аймақтағы 440 мүгедекке көмек көрсетуге тиіс. Енді қызметіне көңілі толмағандар құзырлы органдарға арызданып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#мүгедек жандар