Абай облысының Ертіс орманшылығында өрт шығып, 30-ға жуық адам эвакуацияланды
Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда
Абай облысында Ертіс орманшылығында өрт шығып, 30-ға жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Абай облыстық ТЖД мәліметінше 22 қазан күні сағат 20:00-де «Семей Орманы» кезекші диспечері Озерки ауылдық округінде құрғақ шөп, бұталар жанып жатқанын хабарлаған. Оқиға оранына келген азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері Ертіс орманшылығының аумағында 30 гектар құрғақ шөп жанып жатқанын анықтады.
«ТЖД, полиция және ЖАО күштерімен Каштак орманшылығынан Каштак ауылына 23 адам, оның ішінде 5 бала эвакуацияланды. Өрт 23 қазанда сағат 05:20-да оқшауланды. Абай облысы ТЖД-дан орман өртін сөндіруге 32 қызметкер мен 8 бірлік техника, «Семей Орманы» резерватынан 40 адам және 15 техника, Семей қаласы мен Озерки ауылдық округінен 13 адам және 5 техника, сондай-ақ, 1 полиция қызметкері және 1 автокөлік жұмылдырылды», - деп көрсетті Абай облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта өрттің ауданы 35 Га құрады, оның ішінде шамамен 5 га орман жабылған алаң (жапырақты орман). Дала өртін жою үшін Каштак, Талица, Ертіс орманшылығының қызметкерлері жұмыс істеуде. Барлығы 17 адам және 4 техника. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда.