Атырауда 59 жастағы әйелді өз үйінде өлтіріп кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Денесінен зорлық-зомбылық іздері анықталды

Фото ашық дереккөзден

Атырау қаласында 59 жастағы әйелді өз үйінде өлтіріп кетті. Полиция қылмыскерді іздеу жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy Mgorod.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 қазан күні сағат 8:00 шамасында Өркен шағын ауданында орналасқан үйде 59 жастағы әйел қаза болған. Оның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталды. Сол күні полицейлер ҚР ҚК-нің 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде.

«Барлық жеке құрам бағдарланған. Тергеу жұмысын департаменттің жедел-тергеу тобы жүргізеді», - деп хабарлады ведомстводан.

Полиция тергеу мүддесі үшін өзге ақпаратты жария етпеді.

Сол сияқты мессенджерлерде пәтерлерді аралап жүрген ер адамның фотосы көрсетілген. Ол арзан ыдыс-аяқ, төсек-орын және планшеттер ұсынып, артынша үй иесін өлтіріп, тонайды делінген.

«Туыстарыңыз бен жақындарыңызға бөтен адамға есік ашпау керектігін ескертіңіз», - делінген мессенджерлерде тараған хабарламада.