Шетелдіктерді жұмысқа шақыру ережесін бұзған 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ереже бұзған компанияларға 64,3 млн теңгеге айыппұл салынды

Фото ашық дереккөзден

Облыс прокурорлары мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп, 30 адамнан көп шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорынға тексеру жүргізді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Нәтижесінде 1150 бұзушылық анықталды, оның ішінде: 179 – еңбекақы төлеудегі теңсіздік; 399 – шетелдіктердің рұқсатта көзделмеген жұмыстарды орындауы; 210 – талаптарды сақтамау бар. 205 шетелдіктің білімі олар атқаратын лауазымдарға сәйкес келмеген. Ал 157 кәсіпорында шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат болмаған», - деді Т. Оспанқұлов.

Аталған бұзушылықтарды жою үшін 66 ұсыныс енгізілген, 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды, 64,3 млн теңгеге айыппұл салынды, әкімдіктер 390 рұқсатты қайтарып алды.

«Еңбек заңнамасын сақтау мәселелері комитеттің ерекше бақылауында. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 023 тексеру жүргізіп, 6 825 бұзушылықты анықтады, оның ішінде: еңбек саласында – 4 573; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 103; халықты жұмыспен қамту бойынша – 149 бұзушылық бар. Жұмыс берушілерге 2 мыңнан астам ұйғарым берілді және 318 млн теңгеге 1 400-ден астам әкімшілік айыппұл салынды», - деді Т. Оспанқұлов.