Биыл еліміздегі кәсіпорындарда мыңға жуық адам зардап шегіп, 134 адам қаза тапқан

Автор: Azattyq Rýhy

2 800 кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді

Фото: ашық дереккөзден

Биыл тоғыз айда еліміздің кәсіпорындарында 999 адам зардап шекті, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 5,8%-ға төмен. Сондай-ақ 134 адам қаза тапқан, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 4,3%-ға төмен. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау rомитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы - 34,9%; жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу; автожол жүрісі қағидаларын бұзу болған.

«Бұл ретте, бұрынғыдай, еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде: Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталуда. Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында және құрылыс саласында байқалады.

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін 109 лауазымды адам атқаратын лауазымынан босатылды. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 744 материал жіберілді, олар бойынша 118 қылмыстық іс қозғалды. Еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау мақсатында жұмыс орындарында 4 133 өндірістік нысанды аттестаттау өткізілді», – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.

Заңбұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 2 800 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.