Қызылорда облысында заңсыз киік аулаған браконьерлер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қызылорда облысында заңсыз киік аулаған браконьерлер ұсталды

Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысында 53 киікті атып алған браконьерлер қолға түсті. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Оның барысында жойылып кету қаупі төніп тұрған киік жануарын заңсыз атып, оның мүйізі мен етін тасымалдап, сақтап, өткізген 3 тұрғын ұсталды.

«Олардың тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында жол талғамайтын екі автокөлік, 53 киік аңының тушасы, 12 мүйіз, 12 калибрлі тіркелмеген аңшы мылтығы мен пышақтар айғақзат ретінде тәркіленді», - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.