Қостанай облысында екі айда 74 рет жол ережесін бұзған көлік анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жүргізушіге 1,7 млн теңге айыппұл салынды

polisia.kz

Қостанай облысында 4 мыңнан астам жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Биылғы жылдан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтау үшін “Ekin Patrol G2” кешенінің мүмкіндіктері пайдаланылуда. Автокешендер жол қозғалысы ағынында жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартудан жалтаратын көлік құралдарын анықтайды.

 Полициямен жүргізілген рейдтер барысында Porsche Cayenne автокөлігі анықталды. Соңғы 2 айда елдегі өңірлері бойынша осы көліктің қатысуымен 74 ЖЖЕ бұзушылық тіркелді. Жүргізуші Қостанай облысында 66 жол қозғалысы ережесін бұзған, 6 бұзушылық Астана қаласында және 2 бұзушылық Қарағанды қаласында тіркелген. Жүргізушіге 1,7 млн теңге айыппұл салынды. Автокөлік Қостанай қаласының мамандандырылған тұрағына қамалды.

 1 қазанда Жітіқара қаласында ресейлік есептегі автокөлік жүргізушісі ұсталды. 15 күн ішінде аудан тұрғыны 900 мың теңгеге жуық сомаға 42 жол қозғалысы ережесін бұзған. Автокөлік мамандандырылған тұраққа қамалды. 7 қазанда Меңдіқара ауданында Toyota Land Cruiser автокөлігі тотатылды. Жүргізуші 274 мың теңгеден астам сомаға жол ережесін 16 рет бұзған. Сол күні Қарабалық ауданында Рубеж бекетінде ресейлік есептегі Lada Vesta автомашинасы ұсталды, оның 363 мың теңгеден астам сомаға 13 бұзушылығы бар. Жүргізушілерге айыппұл төлеу туралы хабарлама берілді.

Бұдан басқа, ҚР ӘҚБтК 230-бабы 2-бөлігі бойынша міндетті сақтандыру туралы шарт жасасудан жалтарғаны үшін 112 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Облыс полицейлері әкімшілік айыппұл төлеу үшін барлығы 2 745 ұйғарым шығарды. Мамандандырылған тұраққа 85 көлік құралы қамауға алынды, 68 жүргізуші сақтандыру шартын жасасу шараларын қабылдады.