«Сыртым орыс болса да, жүрегім қазақ»: Генадий Шиповских өзін шовинист дейтіндерге жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Депутат оны қазақтар көтергенін айтады

Мәжіліс депутаты Генадий Шиповских Tiktok әлеуметтік желісінде өзін «шовик» (авт. шовинист) деп атайтындарға жауап берді. Сондай-ақ желі қолданушысы депутатқа «Павлодар мен Петропавлды орыстікі дейді» деген айып таққан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бұл кісі мені шовик деп жатыр екен. Жалпы мен шовик емеспін (шовинизм – ұлттық артықшылық идеологиясы). Біріншіден, мен өзімді қашан да қазақ деп санайтын азаматпын. Екіншіден, Павлодар, Петропавл, Қостанай орыстікі деп қолдап шығады депсіз. Мен сізге айтайын, 20-21 қазан күндері Петропавл қаласында «Ұлы дала – ұлттың ұлы тілі» атты қазақ тілінің арнайы форумы болайын деп жатыр. Мен сол жаққа барғалы отырмын. Осы іс-шарадағы мақсатым – қазақ тілін дәріптеу. Яғни солтүстік өңірлерде қазақ тілін кеңінен енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан мені білмей, мұндай артық әңгіме айтудың қажеті жоқ. Мен қазақтардың арасында өстім. Қазақтар мені көтерді. Мен оны жақсы білемін. Қазақ тілінің арқасында біраз жерге бардым. Қазір де қазақ тілінің арқасында халық арасында сыйлы болып жүрмін», - деді Генадий Шиповских.

Депутат өзінің нағыз қазақ екенін де айтып өтті.

«Сыртым орыс болса да, жүрегім қазақ. Сондықтан ондай әңгіме айту – артық», - деді ол.

Айта кетейік, депутат 1 қыркүйекте БАҚ-қа берген сұхбатында ел басына күн туса, туған жері үшін жанын беруге әзір екенін айтты.