Президент көп нәрсенің мемлекет қайраткерлерінің саяси жауапкершілігіне де байланысты екенін айтты
Цифрлық технологиялардың, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің қарқынды дамуы жағдайында орынсыз айтылған кез келген сөз әсіресе, жастар арасында өшпенділік пен этносаралық араздық туғызуы мүмкін. Осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Ресей» саммитінде мұның салдары бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталған көпжылғы күш-жігерді зая кетіретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Дау-жанжал мен дүрбелеңді болдырмас үшін салалық ведомстволарымыз бен қоғамдық ұйымдарымыз тығыз ынтымақтастық орнатып, түсіндіру жұмыстарын барынша белсенді жүргізуге тиіс. Көп нәрсе біздің мемлекет қайраткерлеріміздің саяси жауапкершілігіне де байланысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, өкінішке қарай, кейбір елде серіктес мемлекеттерге қатысты арандатушылық сипаттағы сөздер айтылып жүр. Мұндай жағдай ашу-ыза туғызатыны заңдылық және деструктивті күштер үшін ұтымды болмақ.