Халықаралық іздеуде жүрген шетелдіктер қолға түсті
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамалды

Іздеуде жүрген екі шетелдік Астана және Алматы әуежайларында ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылғы 13 қазанда көлік полицейлері ҚР ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында «Тбилиси-Астана» бағытындағы әуе рейсі ұшып келісімен 42 жастағы Грузия азаматын анықтап, ұстады.
«Ол 2021 жылдың қыркүйегінде Ресей Федерациясының Иркутск аудандық сотының қаулысымен Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 264-бабының 5-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы мен көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуге жарияланған», - делінген хабарламада.
Дәл осы күні, халықаралық іздеуде жүрген тағы да бір құқықбұзушы «Алматы-Мәскеу» бағытындағы әуе рейсіне тіркелу кезінде ұсталды. Күдікті Өзбекстан Республикасы ІІМ-нің Қылмыстық кодексінің 168-бабының 1-бөлігі, яғни алаяқтық бойынша қылмыс жасағаны үшін халықаралық іздеуде болған.